Құрамына 15 легионер жинап алған «Шахтер» тағы ұятқа қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының «Шахтер» клубы Қазақстан премьер-лигасының 11-турында Түркістанның «Тұран» командасынан ұтылып қалды.

Бұл ойында жалғыз голды Таңат Нөсербаев пенальтиден соқты. Әзірге «Шахтер» өз алаңында бірде-бір ойынды жеңген жоқ. Өз алаңымыз дейміз, ойын елордадағы «Астана-Арена» стадионында өтті. Өйткені Қарағандының стадионы дайын емес.  Жалпы, «кеншілер» 12 жыл қатарынан маусымды өзге қалаларда бастауға мәжбүр болып жүр. Легионерлерге ақша табатын «кеншілер» стадионды жөндеуге, реттеуге келгенде осылай болып жүр.

Осыдан екі жыл бұрын «Шахтердің» атқарушы директоры Ерлан Оразаев бір сұхбатында:

Қарағанды облысының әкімі команданың құрамы жергілікті футболшылар болсын деген тапсырма берді. Қарағандыда талантты ойыншылар өте көп. Жыл сайын олардың қатары артып жатыр. Сондықтан команданы жергілікті футболшылардан жасақтаймыз деп ойлаймын, – деген еді Оразаев.

Оның бәрі жай болған секілді. Қазір «кеншілер» құрамында 15 шетелдік ойыншы бар:

Давид Атанаскоски (Македония),
Гидео Баа (Гана),
Андрей Буйволов (Ресей),
Иван Граф (Хорватия),
Джозеф Ада (Нигерия),
Зиги Бадибанга (Бельгия),
Михаил Бакаев (Ресей),
Вук Митошевич (Ресей),
Саломон Удо (Армения),
Арсен Хубулов (Ресей),
Виталий Балашов (Украина),
Евгений Павлов (Украина),
Алан Чочиев (Ресей),
Мартин Тошев (Хорватия),
Евгений Гапон (Ресей).

Оның жетеуі, әрине, ЕАЭС елдерінің өкілдері. Сондықтан бұл футболшылар Қазақстан чемпионатында легионер болып саналмайды. Осы мүмкіндікті пайдаланып отырған болар. Бірақ Ерлан Оразаевтың 2019 жылы айтқан сөзі сонда жай болғаны ма?

Айтпақшы, жыл басында «Шахтердің» тізгінін отандық маман Әли Әлиев ұстаған. Бірақ команда жеңілістен көз аша алмай, «Тараздан» ірі есеппен ұтылған соң, ол қызметінен кеткен болатын. Бас бапкер болмай тұрып, сұхбаттарында «қазақстандық ойыншылар ЕАЭС ойыншыларынан еш кем емес» деп жүретін Әлиев іске келгенде басқаша болып шыққан еді. Оны қазіргі кезде ресейлік Магомед Адиев алмастырды. Евгений Гапон, Алан Чочиев деген ойыншылар соның адамдары.

Бапкер іздеуде біраз жұмыс атқарылды. Ең соңында ресейлік маман Магомед Адиевке тоқталдық. Ол – амбициясы жоғары, болашағынан үміт күттіретін бапкер. Біз оған сенім артамыз. Бұл Магомед жай ғана жұмыс істеп қоймай, сондай-ақ өзін дәлелдегісі келеді, - дейді «Шахтер» клубының атқарушы директоры.



Клуб басшысы маусым басында бапкер таңдауда қателескенін мойындады. Оның айтуынша, Әли Әлиевке тәжірибе жетіспеді деп санайды. Сонымен қатар, селекциялық жұмыс дұрыс жүргізілмеді деп отыр.
Әлсіз ақталуға тырысады, мықтылар – мүмкіндік іздейді. Мен ақталу үшін себеп іздемеймін. Қателік кеткенін мойындаймын. Енді жағдайды түзеу жолында жұмыс істеп жатырмыз. «Зенит» клубының сарапшыларымен келісімшарт жасастық. Жақын арада клубта өзгерістер болады. «Шахтердің» үздіктер қатарына қосылуы үшін аянып қалмаймыз, - дейді Ерлан Оразаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы