Күніне бір алма жеу расымен денсаулыққа пайдалы ма?
Халық арасында кең тараған "Күнде бір алма жесең – дәрігердің қажеті жоқ" деген сөздің негізінде шындық бар ма? Ғалымдар бұл сұраққа нақты жауап іздеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
Алманың пайдасы қандай?
Алма – фитохимиялық заттарға бай жеміс. Оның құрамындағы флаванолдар мен полифенолдар жүрек саулығын жақсартып, қандағы қант деңгейін тұрақтандыруға көмектеседі.
Мысалы, пектин атты талшық ЛПНП (зиянды холестерин) деңгейін төмендетеді, қант пен майдың сіңуін азайтады. Сонымен қатар, флоридзин атты сирек кездесетін қосылыс қандағы қанттың көтерілуін тежейді.
Ғылыми дәлелдер не дейді?
2017 жылғы зерттеу нәтижесі бойынша, алма жеу 2-типтегі қант диабетінің даму қаупін 18%-ға азайтатыны анықталған. 2022 жылы жүргізілген шолу 18 түрлі зерттеуге сүйене отырып, алманы немесе одан жасалған өнімдерді бір аптадан аса уақыт қолдану холестерин деңгейін төмендететінін көрсетті.
Қатерлі ісіктен де қорғай ма?
Биоактивті заттар мен антиоксиданттарға бай алма кейбір қатерлі ісік түрлерінің алдын алуға ықпал етуі мүмкін. Яғни, алма – иммундық жүйені нығайтатын және қабынуды азайтатын жеміс.
Шынымен дәрігерге бармай қалуға бола ма?
2015 жылғы зерттеу нәтижесі бойынша, алма жейтін адамдар дәрігерге сирек баруы мүмкін, бірақ бұл білім деңгейі мен темекі шекпеу сияқты басқа да факторларға байланысты. Есесіне, олар рецептпен берілетін дәрілерді аз қолданатыны анықталды. Сондықтан "күнде алма жесең – дәріхана қажет болмайды" деген тіркес көбірек сәйкес келеді.
Қорытындылай айтатын болсақ:
– Алма – қолжетімді, ұзақ сақталатын және пайдалы жеміс.
– Оның құрамындағы пайдалы заттар жүрек, қан тамырлары, ас қорыту және зат алмасу жүйесіне оң әсер етеді.
– Бірақ тек алманың өзі жеткіліксіз — негізгі қағида: өсімдіктерге бай теңгерімді тамақтану.
Ғалымдар алманы қабығымен жеген дұрыс деп санайды, себебі ең пайдалы заттар сонда шоғырланған. Ал ескі сорттар (жаңаларынан қарағанда) полифенолдарға бай.