Бүгiн 2026, 16:45 Фото: pixabay.com

«Күніне 6 шай қасық»: Маман қанттың қауіпті салдарын атады

Қантты мөлшерден тыс пайдалану семіздік пен қант диабетінің қаупін арттырады.

Қант – қазіргі адамның күнделікті ас мәзірінен жиі орын алатын өнімдердің бірі. Ол тағамға тәтті дәм беріп қана қоймай, ағзаға жылдам энергия береді. Алайда оны шамадан тыс тұтыну артық салмақ, семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары мен тіс жегісі сияқты бірқатар дерттің даму қаупін арттырады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұқамғали Арыспаев айтты.

Қанттың өзі ағзаға зиян өнім емес. Ол жасушалар үшін, әсіресе ми мен бұлшықеттердің жұмысына қажетті негізгі энергия көздерінің бірі саналады. Бірақ бүгінде адамдар қантты тек шайға қосып қана қоймайды. Оның едәуір бөлігі газдалған сусындар, дайын шырындар, тәтті йогурттар, кондитерлік өнімдер мен түрлі өңделген тағамдар арқылы ағзаға түседі. Соның салдарынан көпшілік өзі байқамай-ақ тәуліктік қалыпты мөлшерден әлдеқайда көп қант тұтынып жүр, – дейді Мұқамғали Арыспаев.

Айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бос қанттың мөлшерін тәулігіне жалпы энергия тұтынудың 10 пайызынан асырмауды ұсынады.

Ал денсаулыққа қосымша пайдасы болуы үшін оны 5 пайызға дейін, яғни күніне шамамен 25 грамм немесе 6 шай қасық көлемінде шектеген дұрыс. Сондықтан тәтті өнімдерді мөлшермен тұтынып, өнімнің заттаңбасын мұқият оқып, жасырын қантқа назар аудару өте маңызды, – дейді маман.

Қанттың пайдасы бар, бірақ мөлшері маңызды

Маманның айтуынша, қанттың ағзаға белгілі бір деңгейде пайдасы да бар. Оның құрамындағы глюкоза ми мен бұлшықеттердің қалыпты жұмысына қажет энергия көзі болып саналады. Сондықтан ұзақ физикалық жүктемеден кейін немесе аурудан әлсіреген кезде қант ағзаға уақытша күш-қуат беруге көмектесуі мүмкін.

Сонымен қатар тәтті тағамдар адамның көңіл күйіне қысқа мерзімге әсер етеді. Қант дофамин секілді рақат сезіміне жауап беретін жүйелерді белсендіреді. Сол себепті кей адамдар күйзеліс немесе шаршау кезінде тәттіге жиі әуес болады. Бірақ бұл әсер ұзаққа созылмайды, сондықтан көңіл күйді көтерудің негізгі жолы ретінде тәтті тағамдарға сүйену дұрыс емес.

Қарқынды дене еңбегімен немесе спортпен айналысатын адамдар үшін қант кей жағдайда энергия қорын тез толықтыруға көмектеседі. Алайда күнделікті өмірде оны шамадан тыс пайдалану денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін.

Артық қант қандай ауруларға әкеледі?

Қантты көп тұтынудың ең кең тараған салдарының бірі – артық салмақ пен семіздік.

2022 жылғы мәлімет бойынша, әлемде 1 миллиардтан астам адам семіздікпен өмір сүріп отыр. Ересектер арасындағы семіздік деңгейі 1990 жылдан бері екі еседен астам өссе, 5–19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш төрт есеге артқан.

Артық салмақ өз кезегінде қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары және басқа да созылмалы сырқаттардың даму қаупін күшейтеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, 2022 жылы әлемде қант диабетімен өмір сүретін адамдар саны 830 миллионға жеткен. Ал 1990 жылы бұл көрсеткіш небәрі 200 миллион болған.

Бұл мәселе Қазақстан үшін де өзекті. Халықаралық диабет федерациясының дерегіне сәйкес, 2024 жылы елімізде 20–79 жас аралығындағы шамамен 842,3 мың адам қант диабетімен өмір сүрген. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 миллион адамға жетуі мүмкін.

Қант тіске де, теріге де әсер етеді

Қант ауыз қуысындағы бактериялар үшін қорек көзіне айналып, тіс жегісінің дамуына ықпал етеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, әлемде шамамен 2 миллиард адамның тұрақты тістерінде кариес бар. Ал 510 миллион баланың сүт тістері зақымданған.

Артық қант жүрек-қан тамырлары жүйесіне де кері әсер етеді. Әсіресе қант қосылған сусындар мен жоғары калориялы өңделген өнімдер артық энергия қабылдауға, салмақтың көбеюіне және зат алмасудың бұзылуына әкелуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қант қосылған сусындарды азайту артық салмақ пен семіздік қаупін төмендетуге ықпал ететінін атап өтеді.

Қазақстанда да мұндай сусындарды тұтыну артып келеді. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, 2018–2023 жылдар аралығында елімізде жан басына шаққандағы қант қосылған сусындардың сатылымы 50 пайызға өскен. Ал мектеп жасындағы балалардың жартысы мұндай сусындарды аптасына кемінде бір рет ішеді.

Қант терінің саулығына да әсер етуі мүмкін. Оны шамадан тыс тұтыну ағзадағы қабыну процестерін күшейтіп, кей адамдарда безеудің көбеюіне ықпал етеді. Сонымен бірге глюкоза коллаген талшықтарына әсер етіп, терінің серпімділігін төмендетеді. Бұл терінің ерте қартаюына әсер ететін факторлардың бірі ретінде қарастырылады.

Қантты тұтынғанда нені ескеру керек?

Маман қанттан толықтай бас тартудың қажеті жоқ екенін айтады. Ең бастысы – оның мөлшерін бақылау.

Әсіресе шайға қосылатын қантқа ғана емес, тәтті тоқаштарға, газдалған сусындарға, дайын шырындарға, тәтті йогурттарға, кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттардың құрамындағы жасырын қантқа назар аудару қажет.

Тағам сатып аларда өнімнің заттаңбасын мұқият оқу маңызды. Қант өнім құрамында «сахароза», «глюкоза», «фруктоза», «глюкоза шәрбаты», «карамель шәрбаты» немесе «мальтоза» деген атаулармен де көрсетілуі мүмкін.

Қанттың орнына бал, құрма шәрбаты немесе басқа табиғи тәтті өнімдерді пайдалануға болады. Бірақ олардың құрамында да қант бар екенін ұмытпаған жөн. Сондықтан кез келген тәттілендіргішті мөлшермен қолдану қажет. Стевия сияқты қант алмастырғыштарды да шамадан тыс пайдаланбай, әр адамның жеке ерекшелігін ескере отырып тұтынған дұрыс.

Осылайша, қант ағзаға қажетті энергия көзі болғанымен, оны шектен тыс тұтыну денсаулыққа елеулі қауіп төндіреді. Сондықтан күнделікті рациондағы қант мөлшерін бақылап, жасырын қантқа мән беру және дұрыс тамақтану қағидаларын ұстану – денсаулықты сақтаудың негізгі шарттарының бірі.