"Күніне 30-50 адам қайтыс болатын". Полиция қауіпті есірткі туралы ескертті

Бұл туралы Алматы қаласы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Дәурен Көбеев Ұлттық құрылтайды талқылауға байланысты өткен жиын барысында айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Дәурен Көбеев есірткі саудасымен күрес қалай жүргізіліп жатқанын айтып, оның болашақта қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін түсіндірді.

Мемлекет басшысы 2 жыл бұрынғы Жолдауында есірткі мәселесін қозғап өткен болатын. Президент тапсырмасына орай 2023 жылдың 29 маусымында «Қазақстан Республикасында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілген болатын. Бұл алдын ала болжам бойынша синтетикалық есірткі қолданысын 5-6%-ға азайтуы қажет. Қазақстанда есірткі саудасының алғашқы толқыны 90-жылдары болды, 2000 жылдары героин саудасы белең алды. Ал қазір екінші толқын – синтетикалық есірткі тарап жатыр. Мұндай үшінші толқын болашақта болуы да мүмкін. Алматыда «Галка» атты есірткі саудагері болған. Ол өте қауіпті «бомба» атты есірткіні сатумен айналысты. Нашақорлар арасында бұл есірткі түрі «Алланың жасы» деген жаргонмен белгілі. Одан тәулік ішінде 30-50 қайтыс болатын. Тиісті іс-шаралар қолданылмаған жағдайда мұндай қауіпті есірткі Қазақстанның кез келген қаласында тарауы мүмкін, – деді Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі полиция майоры Дәурен Көбеев.

Сондай-ақ ол есірткі саудасына тоқтату үшін қаржылық барлау жұмысын күшейту керек екенін атап өтті.

Біз арнайы бейнероликтер жасаудамыз. Бірақ қазір әлеуметтік желілерде ақпарат ағыны өте қарқынды. Бүгін көрген ролик ертең ұмытылып кетеді. Біз мектептерде, колледж бен ЖОО-ларда түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ бұл да жеткіліксіз, жастардың ойынан шықпауы үшін бізге үлкен қарқын мен алгоритм қажет. Есірткі бизнесі неліктен бізден бір қадам алда жүреді? Себебі онда миллиардтаған ақша айналымы бар. Біздің тонналап есірткіні тәркілеуіміз де үлкен нәтиже бермейді. Батыстың тәжірибесіне қарасақ, олар есірткі саудасына ақша жағынан соққы береді. Яғни, қаржылық барлау қызметтерінің жұмысын күшейту керек, – деді полиция майоры.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы