Бүгiн 2026, 13:52 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Күніне 1,5 сағат жұмсайды: Депутат мұғалімдер әлі де артық жұмыстан көз ашпай отырғанын айтты

Мұғалімдер цифрландырудан жеңілдеді ме, әлде керісінше жүктеме артты ма? Депутат Kundelik.kz жүйесіне қатысты күтпеген деректерді келтірді.

Мәжіліс депутаты Наталья Деменитьева Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы білім беру жүйесінің цифрландыру тәжірибесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін дамыту жөніндегі отырыстарда мұғалімдерді өзіне тән емес функциялардан босату, артық есептілікті қысқарту қажеттігін ерекше ескерткен. Педагогтің негізгі міндеті – сапалы білім беру мен тәрбие жұмысына толық көңіл бөлуі тиіс екені нақты көрсетілген.

Соңғы жылдары Қазақстанда білім беру жүйесін цифрландыру бойынша бірнеше қадам жасалды. Солардың бірі – Kundelik.kz платформасы, ол оқушылар мен мұғалімдер арасындағы байланысты жеңілдетуге және білім сапасын арттыруға арналған. Алайда тәжірибе көрсеткендей, платформа өз миссиясынан ауытқып, мұғалімдердің негізгі кәсіби функциясы – сабақ беру мен тәрбие жұмысы екінші орынға ысырылады, қосымша есеп пен формализмге айналады.

Депутат мысал ретінде аптасына 25 сағат сабақ беретін мұғалімнің Kundelik.kz жүйесінде күніне 1-1,5 сағат уақыт жұмсауға мәжбүр болатынын келтірді. Яғни тақырыптық жоспар жасау, үй тапсырмасын бақылау, бағалау және оқушының түсінгенін талдау қосымша уақытты талап етеді. БЖБ және ТЖБ кезеңінде бұл жұмыс көлемі екі есеге артады.

Халықаралық бағалауларға сәйкес, Қазақстанда мұғалімдердің апталық жүктемесі орта есеппен 36 сағат болса, оның тек 23 сағаты сабаққа жұмсалады, ал қалған бөлігі дайындық, тексеру, есеп және әкімшілік жұмыстарға кетеді. Мұғалімдердің шамамен 25 пайызы артық әкімшілік жүктемені стресс көзі деп санайды.

Депутат білім беру саласындағы парадоксқа назар аударды: қағазбастылықтан арылу мақсатында енгізілген цифрлық платформа мұғалімдер үшін қосымша есепке айналған. Бастапқы идея – мұғалімді артық есептен босатып, уақытын оқушыға арнау болса, қазір жағдай керісінше, бақылау күшейген.
Озық елдердің тәжірибесі көрсеткендей, цифрлық платформалар мұғалімге қызмет етуі тиіс. Мысалы, Финляндияда платформа тек қысқа кері байланыс құралы ретінде қолданылады, Сингапурде ақпарат бір рет енгізіледі және жүйе қолдау көрсетеді, Эстонияда платформа автоматтандырылған, уақыт үнемдейді, қосарланған есеп жоқ.

Сондықтан депутат Үкіметке келесі шараларды ұсынды:

1. Kundelik.kz функционалын қайта қарап, тек оқыту процесіне қажетті деректерді қалдыру. 
2. Мұғалімнің цифрлық жүктемесіне аудит жүргізу; нақты қанша уақыт платформаға кететінін анықтау. 
3. Халықаралық модельге көшу – жүйе мұғалімге қызмет етуі тиіс, мұғалім жүйеге емес.

Депутат атап өткендей, осындай тәсілді басшылыққа алмай, білім беру сапасын арттыру мүмкін емес.