Бүгiн 2026, 18:09 Фото: ©BAQ.KZ/Жансая Қамбар

Күніне 1,1 млн жолаушы: Астанада оқушыларға жол қауіпсіздігі мен қоғамдық көлікпен жүру тәртібі түсіндірілді

Астанада оқушыларға жол қауіпсіздігі мен қоғамдық көліктегі тәртіп түсіндірілді. Күніне 1,1 млн жолаушы тасымалданатын қалада бұл неге маңызды?

Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» КММ «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана қаласының Полиция департаменті, City Transportation Systems ЖШС-мен бірлесіп мектеп оқушыларына профилактикалық түсіндіру жұмысын өткізді. Осы жолы іс-шара Н.Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейінің 5-6 сынып оқушыларына арналды, деп хабаралйды BAQ.KZ тілшісі.

Басты мақсат – оқушылардың жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау дағдыларын қалыптастыру, көшеде және қоғамдық көлікте өзін-өзі ұстау мәдениетін арттыру, сондай-ақ қауіпсіз мінез-құлық пен жеке жауапкершілікті саналы түрде орнықтыру. Бағдарлама аясында Полиция департаментінің инспекторлары мен СТС қызметкерлері қатысып, оқушыларға жол қауіпсіздігі мен қоғамдық көліктегі тәртіп нормалары туралы жан-жақты түсіндірді.

Фото: ©BAQ.KZ/Жансая Қамбар

Үгіт-насихат тобының жетекшісі, аға инспектор Гүлжан Әубәкірова Астана қаласы Полиция департаментінің City Transportation Systems автобус компаниясымен және Білім басқармасымен бірлескен жоспары бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, осы жоспар аясында өткізілген іс-шаралар «Қауіпсіз жол» деп аталады.

Бұл шараларда біз балаларға жолды дұрыс кесіп өтуді, автобусты дұрыс пайдалануды үйретеміз. Белгіленген жерден өту, реттелетін және реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдері туралы айтамыз. Оқушылардың жол-көлік оқиғаларына қалай түсіп қалатыны туралы бейнероликтер көрсетіп, оны қатысушылармен бірге талдаймыз. Бұдан бөлек, оларды жол үстінде дұрыс емес әрекет жасамауға, яғни жолдың жүріс бөлігінде тәртіпсіздік танытпауға шақырамыз, - деді маман.

Фото: ©BAQ.KZ/Жансая Қамбар

Арнайы әзірленген бейнероликтер мен көрнекі презентациялар арқылы балалардың назары нақты өмірлік жағдайларға аударылып, қауіптің алдын алу жолдары көрсетіледі. Бастама – жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Жалпы, сәуір айында қала бойынша 6 ауданның 12 мектебінде осындай кешенді іс-шаралар өткізу жоспарланған.

Бізде әкімдік бекіткен арнайы кесте бар. Сол кестеге сәйкес мектептерді аралап шығамыз. Әсіресе бұл жұмыстарды жазғы демалысқа жақын уақытта жүргіземіз, балалар жазғы демалыс кезінде жол қозғалысы ережелерін ұмытпай, біліп жүрсін деген мақсатта, - деді Гүлжан Әубәкірова.

Ал City Transportation Systems компаниясы директорының орынбасары Райымбек Қабиболла арнайы жабдықталған автобус ішінде оқушыларға қоғамдық көлікті пайдалану тәртібін іс жүзінде түсіндірді. Ол оқушыларды көлікке дұрыс отыру, жолақыны жол жүру картасын пайдалану арқылы төлеу ережелерімен, сондай-ақ қоғамдық көлікте өзін-өзі ұстау мәдениетімен таныстырды.

Фото: ©BAQ.KZ/Жансая Қамбар

Барлығымыз күнделікті автобусты пайдаланамыз. Мысалы, қалада шамамен 130 маршрут, 1350 автобус бар. Түсінген адамға бұл – күн сайын шамамен 1 миллион 100 мың жолаушы тасымалданады деген сөз. Оның ішінде ересектер де бар, сіздер сияқты оқушылар да бар, сондай-ақ зейнеткерлер де бар. Сондықтан біздің мақсатымыз – қоғамдық көліктегі қауіпсіздікті арттыру, - деді ол.

Райымбек Қабиболла қоғамдық көліктегі қауіпсіздік тек төлеммен шектелмейтінін, бұл бағытта түсіндіру жұмыстары ата-аналар мен мұғалімдердің өтініштері негізінде жүргізілетінін атады. Сондай-ақ спикер оқушыларға транспорттық картаны қолданудың маңызын, төлем жасамау автопарк жұмысына қалай кері әсер ететінін айтты.

Қорытындылай келе бұл іс-шараны балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам ғана емес, заң мен тәртіп қағидаттарын күнделікті өмірде ұстанатын саналы ұрпақ қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама деп те қарастыруға болады.