Бүгiн 2026, 12:18 Фото: freepik.com

Күнде соңғы екі жылдағы ең көп жарқыл тіркелді

Ғалымдардың айтуынша, алдағы күндері Күн белсенділігі біртіндеп бәсеңдеуі мүмкін.

5 шілдеде Күнде соңғы екі жылдағы ең көп жарқыл тіркелді. Дүниежүзілік уақыт бойынша бір тәулікте С санатындағы және одан жоғары деңгейдегі 24 жарқыл байқалған. 

Ресейдің Күн астрономиясы зертханасы мамандарының мәліметінше, соңғы он жылдағы ең ірі күн дақтарының бірі орналасқан белсенді аймақтар Күннің батыс шетіне қарай ығысып, жақын күндері оның Жерге көрінбейтін бетіне өтеді. Мұндай жағдайда олардың Жерге әсер ету ықтималдығы өте төмен болады.

Мамандардың болжамынша, алдағы бірнеше күнде Күн белсенділігі біртіндеп төмендей бастайды. Егер жаңа белсенді аймақтар пайда болмаса, аптаның ортасына қарай Күн белгісіз мерзімге дейін тыныш күйге өтуі мүмкін.

Сонымен қатар күн дақтарының бұл топтары шілденің екінші жартысында қайтадан Жерге қараған бетке шығуы ықтимал. Алайда ғалымдар ол уақытқа дейін олардың сақталып қалу мүмкіндігі төмен деп есептейді.

Ал 4 шілде, сенбі күні тіркелген және 2026 жылдың басынан бергі қуаты жағынан екінші магниттік дауыл толық аяқталды. Қазіргі уақытта геомагниттік ахуал мен Күн желінің көрсеткіштері қалыпты деңгейге қайта оралған.