"Күнде бітпейтін той". Депутат чемпиондардың тойда қыдыруын шектеуді ұсынды
Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов спорт саласындағы кемшіліктер жайлы айтып, бірқатар ұсынысын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Спортқа қатысты айтылып жатқан сын көп. 180 спорт түрі туралы күн сайын көптеген адам айтып жатыр. «Балық аулау» спорты туралы естігенде бізде де "аллергия" болды. Спортшы ретінде бізге тиіп жатыр... Президенттің өзі де қаражат орынсыз жұмсалып жатқанын айтты. Енді осыған шектеу қоятын уақыт жетті деп есептеймін, - деді депутат.
Данияр Қасқарауов заңда жақсы нормалар бар екенін айтты.
Өзім ММА саласында жұмыс істедім. Бізде Шавхат Рахмонов сияқты спортшыларымыз бар. Олар мемлекеттен қаржы алмаса да, демеушілері арқылы елдің атын миллиардтаған ақша алған спортшылардан да жақсы көтеріп жүр. Сол себепті бәрін мемлекетке жүктей беруге болмайды. Әр спорттың федерациясы бар. Бәрі жан-жақтан жұмыс істеуі керек, - деп айтты мәжілісмен.
Депутат спортшылар да жауапкершілікті сезінуі керегін айтты. Сөзінше, алдағы олимпиадада нақты чемпион болатын спортшыны таба алмай отырмыз.
Оған қоса, қарап отырсақ, чемпиондарымыз жарты жыл, бір жыл бойы әкімдіктерге, бизнесмендерге кіріп, қыдырып жүреді. Күнде бітпейтін той. Бұл идеология ма? Не нәрсе? Оған да шектеулер керек деп ойлаймын, - деп айтты Қасқарауов Мәжілістегі комитет отырысында.