Күнбағыс майы бір жылда 1,5 есе қымбаттаған
Алматы, BAQ.KZ. Биыл ақпан айында еліміздегі базарлар мен дүкендерде күнбағыс майы 625 теңгеден сатылған, бұл өткен жылға қарағанда 44,5% қымбат. Бұл туралы Еnergyprom зерттеу агенттігі хабарлады.
Ірі қалалар ішінде, әсіресе, Атырауда күнбағыс майы қатты қымбаттаған. Онда бір литр май құны – 723 теңгені құрайды, бір жылдағы баға өсімі 59,3%. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Алматыда да баға жоғары, бір литр май 651 және 648 теңге тұрады. Ең арзан май Петропавлда тіркелген, онда майдың бір литрі 562 теңге.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, жыл басынан бері күнбағыс майы 6,7%-ға қымбаттаған. Осыған байланысты нарықтағы 7 субъектіге бағаны түсіру бойынша хабаралама жіберілген.
Сарапшылар бағаның күрт өсуіне әлем бойынша майдың 53,8% қымбаттауы, өндірушілерде шикізат қорының азаюы әсер етті деген ойда.
Ұлттық статистика агенттігінің дерегінше, биыл қаңтар айында елімізде 41,8 мың тонна күнбағыс майы өндірілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,6%-ға жоғары. Негізгі өндіріс орындары Шығыс Қазақстан облысы, Алматы және Шымкент қалаларында.
2020 жылғы қаңтар-желтоқсан аралығында компаниялар 464,1 мың тонна май өндірген. Бұл - 2019 жылға қарағанда 4,2%-ға аз.