Күн сайын темекі шегетін 5-6 қазақстандық қайтыс болады
ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, бас онколог Диляра Қайдарова темекіден келетін қауіп пен оны анықтау жолдарын атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, елдегі онкоаурулардан болатын өлім-жітім ішінде өкпе обыры бірінші орынға жайғасқан.
Күн сайын 5-6 қазақстандық өкпе обырынан көз жұмады. Елдегі ең көп таралған қатерлі ісіктің бірі – өкпе обыры зиянды әдеттерден туындайды. Олардың қатарында: темекі шегу, канцерогендермен ластанған ауамен тыныс алу, зиянды өндірістік факторлар, радиобелсенді сәулелену, тыныс алу ағзаларының созылмалы ауруларының болуы, тұқымқуалаушылық бар, - деп түсіндірді дәрігер.
Айта кетерлігі, көбінесе өкпе обырына ерлер жиі шалдығады.
Әйелдер мен ерлердің арақатынасы 4-тен 1-ді құрайды. Өкпе обыры мен өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола мен Қарағанды облысында кездеседі. Жалпы, өкпе обырының негізгі себебі темекі шегу (90% жағдайда) болса, сонымен қоса қасыңыздағылар тартқан шылымның түтінімен тыныстау да қауіпті, - деп ескертті бас онколог.
Айта кетерлігі, өкпе обыры әлемдегі онкологиялық өлім-жітімнің ең басты себебіне айналып отыр. Жыл сайын әлемде 1,8 млн өкпенің қатерлі ісігінен көз жұмады.
Бұған дейін отбасыңызда шылым шегетін адам болса, қандай қауіп бар екені жайлы жаздық.