28 Тамыз 2026, 14:56 Фото: pexels.com

Күн күрт суытады: Синоптиктер кей өңірлерде үсік жүріп, қар жауады деп болжады

2026 жылғы 29–31 тамызға арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамы

«Қазгидромет» РМК 2026 жылғы 29-31 тамызға арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын жариялады.

Жаздың соңғы күндерінде атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде жаңбыр, найзағай, екпінді жел, бұршақ күтіледі.

Кезеңнің соңына қарай еліміздің солтүстігі мен шығысында түнгі уақытта жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын болжанады.

29 тамызда Ақмола, Қостанай және Қарағанды облыстарында, 30-31 тамызда Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында қатты жаңбыр күтіледі.

Тек еліміздің батысында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Батыста, солтүстік-батыста, солтүстікте және шығыста түнде және таңертең тұман күтіледі.

Ауа температурасы:

Еліміздің батысында күндіз ауа температурасы 18-23°-тан 25-30°-қа дейін көтеріледі. Маңғыстау облысында айтарлықтай өзгеріс болмайды: күндізгі температура 25–35° шамасында сақталады.

Солтүстік-батыста, солтүстікте және еліміздің орталығында ауа температурасының төмендеуі күтіледі: түнде 10-15°-тан 0-5°-қа дейін төмендейді. Кезең соңында кей жерлерде 3°-қа дейін үсік күтіледі. Күндізгі температура 15-25°-тан 10-15°-қа дейін төмендейді.

Еліміздің шығысында да ауа температурасы төмендейді. Түнде 10-15°-тан 5-10°-қа дейін, күндіз 25-35°-тан 15-25°-қа дейін төмендейді.

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде ауа температурасы түнде 10-20°, күндіз 25-35° жылы болады.