Күн батқан соң да жарық беретін станция: Қытай «жасыл» энергетиканы қалай дамытып жатыр?
Үрімжіден Тұрпанға барар жолда ең алдымен көзге түсетіні — тау мен шөлдің арасын бойлай созылған жел генераторлары. Бір қарағанда, бұл жай ғана өндірістік нысандар сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ Синьцзян үшін олар жаңа энергетикалық дәуірдің белгісіне айналып үлгерген.
Қытай бүгінде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ерекше мән беріп отыр. Әсіресе елдің батысындағы Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданы күн, жел және су энергетикасы бойынша маңызды өңір саналады. Табиғи ресурсы мол, климаты қолайлы бұл аймақ Қытайдың «жасыл» энергетикадағы ірі жобалары жүзеге асып жатқан орталықтардың біріне айналған.
BAQ.KZ тілшісі Экономикалық белдеудің негізгі аймағына ұйымдастырылған пресс-тур аясында 20 елден келген журналистермен бірге Синьцзянда болып, Тұрпан маңындағы күн энергетикасы кешенінің жұмысымен танысты.
Шөл даланың ортасындағы энергетикалық кешен
Тұрпанға қарасты Шаньшань уезінің Цикетай кенті маңында көз жетер жерге дейін күн панельдері созылып жатыр. Бұл — China Energy мемлекеттік корпорациясының еншілес құрылымы іске асырған ірі энергетикалық жоба.
Нысан аумағы шамамен 30 шаршы шақырымды алып жатыр. Мұнда жалпы қуаты 1 ГВт болатын екі интеграцияланған жоба іске қосылған. Оның бірі — фотоэлектрлік генерация, екіншісі — күн жылу энергетикасы.
Яғни кешен күн сәулесін бір ғана тәсілмен емес, бірнеше технология арқылы электр энергиясына айналдырады.
Күн энергиясы түнде де жұмыс істейді
Жобаның ең қызықты тұсы — күн батқаннан кейін де электр энергиясын өндіре алатын технологиясында.
Бірінші жүйе — бәрімізге таныс күн панельдері. Олар күн сәулесін тікелей электр энергиясына айналдырады.
Ал екінші жүйе күрделірек. Мұнда жүздеген гелиостат-айна күннің қозғалысын автоматты түрде бақылап, сәулені 220 метрлік мұнараның басындағы жылу қабылдағышқа бағыттайды. Сол жерде балқытылған тұз қызады. Кейін ол жиналған жылуды сақтап, қажет кезде электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Осылайша станция күн сәулесі жоқ уақытта да жұмысын жалғастыра алады. Бұл күн энергетикасының басты кемшілігінің бірі — тәулік уақытына тәуелділікті азайтады.
Биік мұнара мен оны айнала қоршаған мыңдаған айна алыстан алып энергетикалық алаң сияқты көрінеді. Бұл көрініс Қытайдың дәстүрлі энергия көздерінен біртіндеп жаңа технологияға негізделген жүйеге көшіп жатқанын аңғартады.
4,8 млрд юань инвестиция
China Energy Construction Group Zhejiang Thermal Power Construction Co., Ltd. бас директорының орынбасары Чжун Чжунцзе жобаның жалпы құны 4,8 млрд юань болғанын айтты.
Кешен құрамында қуаты 900 МВт фотоэлектрлік станция, қуаты 100 МВт күн жылу электр станциясы, 12 сағатқа дейін жылу сақтайтын жүйе, қосалқы инфрақұрылым және электр жеткізу желілері бар.
Жоба құрылысы 2022 жылы басталған. 2025 жылы нысан толықтай электр желісіне қосылды.
Қазір бұл — Синьцзяндағы желіге қосылған ең ірі күн жылу электр станциясы. Мамандардың болжамынша, кешен жылына орта есеппен 1,97 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. Сонымен бірге көмірқышқыл газы шығарындыларын жыл сайын шамамен 1,7 млн тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.
Қытай Орталық Азияға неге назар аударып отыр?
Қытайлық энергетикалық компаниялар енді мұндай жобаларды тек өз елінде ғана емес, шетелде де іске асыруға мүдделі. Бұл бағытта Орталық Азияның маңызы артып келеді.
Чжун Чжунцзенің айтуынша, China Energy әлемнің әртүрлі елінде жобалар жүргізіп жатыр. Компания Орталық Азия мемлекеттерімен де әріптестікті күшейтуге ниетті.
Қазір China Energy Өзбекстанмен белсенді жұмыс істеп келеді. Әсіресе жел энергетикасы нысандарын салу бағытында жобалар бар. Сонымен қатар өңірдің басқа елдерінде де электр энергетикасы саласындағы мүмкіндіктер қарастырылып жатыр.
Қазақстан да Қытай үшін маңызды серіктестердің бірі саналады.
Қазақстанға бұл бағыт неге маңызды?
Қазақстан үшін де бұл бағыттың маңызы артып келеді. Соңғы жылдары елде жаңартылатын энергия көздері тек экологиялық күн тәртібі емес, энергетикалық қауіпсіздік мәселесі ретінде де қарастырыла бастады.
2025-2026 жылдары Қазақстан «жасыл» энергетика саласындағы жоспарларын нақтылай түсті. Қазір елде электр энергиясының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайыздан асыру көзделіп отыр.
ЖЭК инфрақұрылымы да кеңейіп келеді. Қазақстанда жел, күн, су және биогаз электр станцияларын қоса алғанда, жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын 154 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Ал 2035 жылға дейін елде кемінде 8,4 ГВт жаңа ЖЭК қуатын енгізу жоспарланған.
Бұл ретте Қазақстан үшін Қытаймен әріптестік бөлек маңызға ие. Мәселен, Қарағанды облысында қуаты 500 МВт болатын жел электр станциясы жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оны China Energy International Group компаниясы “Самұрық-Энергомен” бірлесіп іске асырады. Жобаға 645 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылмақ. Станция жылына шамамен 1,6 млрд кВт/сағ “жасыл” энергия өндіреді деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар Energy China Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігін жалғайтын тұрақты ток электр жеткізу желісін салу бастамасын ұсынған. Бұл ұсыныс кездейсоқ емес. Себебі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артқан сайын оны тұрақты жеткізу, сақтау және өңірлер арасында тиімді бөлу мәселесі де өзекті бола түседі.