«Күлтегін» мультфильмін тамашалауға 5 мыңға жуық бүлдіршін келген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы 7 сәуір күні «Күлтегін» анимациялық мультфильмінің қайырымдылық көрсетілімін ұйымдастырды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мерекесінің бар шарапаты кішкентай бүлдіршіндерге арналуы керек деп атап көрсеткендей, бұл қайырымдылық бастама Наурыз мерекесінен бастау алды.
«Күлтегін» мультфильмнің 2 сеансына 5000 жуық бала, оның ішінде көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, жетімдер үйінің тәрбиеленушілері, мүгедек балалар да қатысты.
Бұл қайырымдылық іс-шара отандық мультфильмдер арқылы жас көрерменнің ел тарихына деген қызығушылығын арттырады. Отандық анимациялық туындыларды көрсетудегі мақсат – даңқты батырлардың ерлігін, қазақ халқының мәдениетін анимация арқылы таныту, сондай-ақ жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, алдағы уақытта «Қазақконцерт» пен «Қазақфильм» ұйымдарының бірлескен бастамасы өз жалғасын тауып, «Қазақстан» ОКЗ кинозалында мультфильмдер және қазақ кино өнерінің басқа да озық туындылары жас бүлдіршіндерге тегін көрсетілмек.
«Аяла» қайырымдылық қоры ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыратын көптеген мәдени іс-шараларға жиі қатысады. Бүгін «Күлтегін» мультфильмінің қайырымдылық көрсетілімін Нұр-Сұлтан қаласының «Балалар үйі» МКМ тәрбиеленушілері тамашалады. Бұған дейін көрсетілген «Мұзбалақ» мультфильміне арнайы мектеп-интернаттардың 200 жуық оқушысы қатысты. Осындай бастамаларды біз әрдайым қолдауға дайынбыз. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндерге көңіл бөліп, осындай қызықты әрі танымдық туындыны көруге шақырған ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз», - деді «Аяла» қайырымдылық қорының Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілі Салтанат Әскербекқызы.
Түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің ерлігі туралы баяндайтын бұл мультфильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген.
Қазақ және орыс тілдерінде көрсетілген «Күлтегін» мультфильмі кішкентай бүлдіршіндердің көңілінен шықты.
Ата-аналар да игі іс-шараның ұйымдастырушыларына өз алғыстарын жеткізді.