Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер
1 сәуір – күлкі, әзіл-ысқақ және құстар күні. Бұл екеуі бейресми мереке саналады. Аталмыш күнге BAQ.KZ. тілшісі тоқталып өтті.
Мерекеледің нақты шығу тарихы беймәлім. Дегенменде, әзілге жаны жақын қазақ халқына күлкі күні таңсық емес. Әдебиетіміз Алдар көсе, Тазша бала, Қожанасыр сынды күлкіден күбі пісірген кейіпкерлерімен бай.
Осы ретте күлкі арқылы қоғам айнасын айқындап жүрген қазақ сатирасы жайлы айта кетпесек болмас. Белгілі сатирик Көпен Әмірбек «Сөйле десең, сөйлейін» деген кітабінда былай деген «Қожанасысырдан кiм тарайды, үрiм-бұтағы бар ма? Бар, әрине. Жетi атасын санайық па? Санасақ былай: арғы атасы – Қожанәсiр, Қожанәсiрден – Сатира, Сатирадан – Әзiл, Әзiлден– Әжуа, Әжуадан – Оспақ, Оспақтан – Уыт, Уыттан– Асқар Тоқмағамбетов...» деген екен. Қазақ сатирасы қай заманда болмасын халықтың құрмет-қошаметіне бөленген.
Халық арасында «Қалтайдың қағытпа қалжыңы, Уайдиннің уытты тілі, Оспанның осып түсер сарказымы, Шонаның шақпа әзіліне жетері барма?» деседі. Қазақ сатирасы тек қана әзіл-ысқақ, жеңіл күлкіден тұрмаған. Қоғамға ашу-айбат, әжуа мысқыл сыйлаған. Осы орайда қоғам қайраткері Темірбек Қожакеевтің «Сатира күштілер қаруы» деген ұлағатты сөзі еске түседі. Адамның мінез-құлқын, табиғатын, халықтың әл-ауқатын, жағдайын билікке жеткізген сатириктер жетерлік. Олардың бірі де бірегейі - Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіров, Қалтай Мұхамеджанов, Сейіт Кенжеахметов, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Ілиясов, Көпен Әмірбеков, Толымбек Әлібекұлы, Мұхтар Шерім.
Сондай-ақ, бұрын 1-сәуір халықаралық Құстар күні деп аталатын.
Кеңес одағы кезінде бұл күні балалар қараторғай ұяларын жасап, ағаш басына орнатып жататын. Негізінде дүниежүзінің көптеген елдері Құстарды қорғау күнін, Жыл құстары күнін өздері белгілеген мерзімде атап өтуді дәстүрге айналдырған.