Қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, тағзым етуге жергілікті шенеуніктер кедергі келтірмесін – Мәжіліс депутаты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов өткен жылдың аяғында саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғанын атап өтіп, бұл бастаманы Президент Қ.Тоқаев былтырғы 31 мамырда жариялағанында «Ақ жол» фракциясы бірден қолдап, 3 маусым күні жолдаған депутаттық сауалында өзінің нақты ұсыныстарын жібергенін айтып, депутаттық сауал жасады.

Онда, біріншіден,еліміздің тарихшы ғалымдары, академик Хангелді Әбжанов төрағалық ететін «Әділет» қоғамы мен профессор  Ғарифолла Әнес басқаратын «Арыс» қоры (баспасы) аштық құрбандарын анықтап, тізімдеу жұмыстарын қолға алуда. Бұл шараның өте маңызды да күрделі екенін ескере отырып, осы іске бастамашы болып отырған ғалымдарға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету керек. 

Екіншіден, қызыл әскерге ұйымдасқан түрде қарсы шығып соғысқан – ең алдымен, Алаштың әскери бөлімдері. Ғалымдардың мәліметтеріне сәйкес сол бөлімдерде соғысқа бірнеше мың жас қазақ, оның ішінде ұрпақ қалдырып үлгермеген мыңдаған өрімдей жас қатысып, құрбан болды. Бүгінде олардың сұрау салатын іздеушілері де жоқ.  Әрине, олар әліге дейін ақталған жоқ. 

Үшіншіден, большевиктердің репрессиясы мен аштықтан қашып, шекара асуға тырысып, бірақ қандықол қызылдардың қырғынына ұшыраған босқындардың тізімін әртүлі дереккөздерді пайдалана отырып анықтау керек.

Төртіншіден, 1920 – 1930 жылдары болған 360-тан астам қарулы көтеріліс пен аштық құрбандарын тізімдеу барысында олардың  туыстары мен бүгінгі ұрпақтарын іздестіріп, оны жариялап және жаңалап отыру үшін арнайы ресми  сайт ашып, оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және бұл шараларды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асыру. 

Сонымен қатар, депутат Мемлекеттік комиссия құрылғанына жарты жылға таяп қалғанын айтып, осы уақыт ішінде комиссия немен айналысты және қандай нәтижеге қол жеткізді деген мәселе көтерді. 

«Ақ жол» партиясы 2017 жылдан бастап «Алашқа тағзым» шеруін өткізіп келеді. Әрбір қазақстандық отбасында аштық пен саяси қуғын-сүргін құрбаны, оның суық ызғарын сезген ата-бабалары мен ұлы аналары бар екеніне ешқандай күмән жоқ. Алайда, шеру қалаларда орналасқан Құрбандар мемориалымен ғана шектеліп, әкімшілік пен полиция өкілдері  шеруге келгендерді қоршап, көшелермен шеру өткізу туралы ресми өтінішіміз әкімшілік тарапынан қолдау таппай отыр. Ендеше, биыл да осы шараға санаулы уақыт қалғанын ескере келіп, осы құрбандарымызды еске алып, әруақтарына бас иіп, тағзым етуге жергілікті шенеуніктер кедергі келтірмесе екен дейміз. Біздің мақсатымыз – өткен күннен сабақ алып, тоталитаризмге әкелмейтін, ашық, адал, демократиялық қоғам құру, - деді Дүйсенбинов.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы