Күдікті заң алдында жауап береді – министрдің орынбасары Нұрайдың ісі туралы
Нұрай ісі бойынша тергеу жалғасуда: күдіктіге сараптамалар жүргізіліп жатыр. Алайда туыстары істің созылуына алаңдаулы. Не болып жатыр?
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, күдіктіге қатысты барлық қажетті сараптамалар Ақтас қаласында жүргізілуде.
Нұрайдың ісі бойынша қылмыстық тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті Ақтас қаласында. Оған қатысты барлық сараптама бір ай көлемінде жүргізіледі. Нәтижесіне сәйкес іс сотқа жолданады. Бұл жөнінде күмән болмасын, – деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Сенат кулуарында.
Сонымен қатар марқұмның туыстары тергеудің ұзаққа созылып жатқанына алаңдаушылық білдіруде.
Марқұм Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, іс үш айдан бері тергеліп жатыр. Оның сөзінше, күдікті психиатриялық мекемеде болуы мүмкін.
Тергеу негізі екі айда аяқталуы керек еді, бірақ үш айға созылып отыр. Бұл одан әрі де ұзара ма деп алаңдаймыз. Өйткені күдікті психикалық ауытқуы бар деген желеумен ем қабылдап жатыр деген ақпарат бар. Естуімше, ол Алматы облысы Талғар қаласындағы психиатриялық орталықта болуы мүмкін, – деді ол әлеуметтік желіде тараған мәлімдемесінде.
Бұған дейін күдікті Нұрай Серікбайды асқан қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілініп, медициналық мекемеге жатқызылғаны хабарланған.
Еске салсақ, 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.
Белгілі болғандай, Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Неке қиюға мәжбүрлеу» бойынша қозғалған.
Сондай-ақ, депутат Мұрат Әбенов елді дүрліктірген оқиғаның қалай болғанын айтты.
Шымкентте өлтірілген Нұрайдың ағасы «күдікті жазадан құтылып кетуі мүмкін» деп жұртшылыққа үндеу жасады.