3 Қараша 2026, 19:27 Фото: istockphoto.com

«Күдікті – бұрынғы күйеуі»: Ақтөбедегі неке сарайында 26 жастағы әйелді пышақтап өлтірді

Ақтөбеде неке сарайында 26 жастағы әйелді пышақтап өлтірді. Қылмысқа оның бұрынғы күйеуі күдікті. Бұл туралы Ақтөбе облыстық полиция департаменті мәлімдеді.

Оқиға бүгін, 2026 жылғы 3 қарашада болған. Куәгерлердің айтуынша, ғимарат ішінен айқайлаған дауыстар естілген. Полиция оқиға орнына жеткенде әйел қансырап, еденде жатқан. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.

Оқиға куәгерлері қайғылы жағдайдың алдында марқұм мен бұрынғы күйеуі арасында жанжал болғанын айтады. Олардың сөзінше, ер адам әйелдің басқа азаматпен қарым-қатынаста болғанына наразы болған. Марқұмның бірнеше баласы бар екені де айтылды. 

Полиция күдіктіні қылмыс болғаннан кейін көп ұзамай ұстаған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктінің кім екені анықталып, ізін суытпай қолға түсті. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ қылмыстың себептері мен салдарын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Аталған дерек бойынша адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Еске салайық, бұған дейін Астанада автотұрақта бұрынғы күйеуі әйелін пышақтап кеткенін хабарлағанбыз.