Бүгiн 2026, 09:46 Фото: ©REUTERS/Norlys Perez

Кубада жанармай қоры таусылды: Жарық тәулігіне 22 сағатқа дейін өшуде

Куба дизель мен мазутсыз қалды.

Куба АҚШ-тың мұнай блокадасына байланысты дизель отыны мен мазут қорын толық тауысты. Бұл туралы елдің энергетика және тау-кен өнеркәсібі министрі мәлімдеді.

Reuters мәліметінше, министр Висенте де ла О мемлекеттік БАҚ эфирінде ұлттық энергетикалық жүйенің «аса күрделі» жағдайда тұрғанын айтты. Оның сөзінше, елде мазут та, дизель отыны да мүлде қалмаған.

Гаванада жарық тәулігіне 20-22 сағатқа дейін өшеді

Ел астанасы Гавана соңғы ондаған жылдағы ең ірі жоспарлы электр өшірулеріне тап болған. АҚШ енгізген шектеулер аралға отын жеткізуді тежеп, энергетикалық дағдарысты ушықтырған.

Министрдің айтуынша, соңғы екі аптада Гаванада жарықтың өшуі күрт көбейген. Кей аудандарда электр энергиясы тәулігіне 20-22 сағатқа дейін болмайды. Бұл жағдай азық-түлік, дәрі-дәрмек және жанармай тапшылығымен қатар әлеуметтік қысымды күшейтіп отыр.

Күн электр станциялары да мәселені шеше алмады

Қазір Кубаның энергетикалық жүйесі негізінен отандық шикі мұнай, табиғи газ және жаңартылатын энергия көздері арқылы жұмыс істейді.

Соңғы екі жылда елде жалпы қуаты 1300 мегаватт болатын күн электр станциялары іске қосылған. Алайда жанармай тапшылығы мен электр желілерінің тұрақсыздығы салдарынан бұл қуат толық пайдаланылмай отыр.

Куба жаңа мұнай жеткізушілерін іздеп жатыр

Куба билігі халықаралық нарықтан отын импорттау бойынша келіссөздерді жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Бірақ АҚШ пен Израильдің Иранмен қақтығысы аясында мұнай мен тасымал бағасының қымбаттауы жағдайды одан әрі қиындатқан.

Куба бізге отын сатқысы келетін кез келген елге үшін ашық, – деді министр.

Бұған дейін Мексика мен Венесуэла Кубаға негізгі мұнай жеткізушілердің қатарында болған. Алайда Дональд Трамп 2026 жылдың қаңтарында Кубаға отын жеткізетін елдерге баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойғаннан кейін бұл жеткізілімдер тоқтаған.

БҰҰ АҚШ блокадасын заңсыз деп атады

Желтоқсан айынан бері Кубаға Ресей туымен жүзетін «Анатолий Колодкин» танкері ғана шикі мұнай жеткізген. Бұл сәуір айында аралдағы жағдайды уақытша жеңілдеткен.

Электр энергиясының қайта жаппай өшуі АҚШ-тың Кубаға отын импортына қатысты төрт айға созылған блокадасы аясында болып отыр. Бұл шектеулер халқы шамамен 10 миллион адам болатын Кариб аралындағы коммуналдық қызметтердің жұмысына айтарлықтай әсер еткен.

Өткен аптада Біріккен Ұлттар Ұйымы Трамп әкімшілігінің отын блокадасын заңсыз деп атады. Ұйым мәлімдемесінде бұл шаралар «Куба халқының даму құқығына кедергі келтіріп, азық-түлік, білім, денсаулық сақтау, су және санитарияға қатысты құқықтарын әлсіретеді» делінген.