Куба АҚШ-тың ықтимал басқыншылығына дайындалып жатыр
"Қазіргі әлемдегі жағдайды ескере отырып, мұндай дайындық жасамау аңғалдық болар еді" – Куба билігі.
Кубаның қарулы күштері АҚШ тарапынан болуы мүмкін әскери басқыншылыққа дайындалып жатыр. Бұл туралы Куба сыртқы істер министрінің орынбасары Карлос Фернандес де Коссио мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, қазіргі әлемдегі жағдайды ескере отырып, мұндай дайындық жасамау аңғалдық болар еді.
Біздің қарулы күштер әрдайым дайын, және қазір де ықтимал әскери агрессияға қарсы дайындық жүргізіп жатыр, – деді де Коссио.
Сонымен қатар, Гавана АҚШ-пен мәселелерді бейбіт жолмен шешуге үміттенетінін жеткізді.
Біз мұндай жағдайдың орын алуына еш себеп көріп отырған жоқпыз және оған ешқандай негіз жоқ деп есептейміз, – деді ол.
Бұған дейін министрдің орынбасары Кубадағы мұнай тапшылығы АҚШ-тың аралға қарсы жүргізіп отырған саясатының салдары екенін айтқан. Оның сөзінше, бұл блокада мәңгі жалғаса алмайды.
Жағдай өте күрделі, біз оны шешу үшін барынша әрекет етіп жатырмыз. Отын қандай да бір жолмен Кубаға жеткізіледі деп үміттенеміз және АҚШ енгізген бұл бойкот ұзаққа созылмайды, – деді ол.
Наурыз айының басында Дональд Трамп Ирандағы әскери операциядан кейін Кубада үлкен өзгерістер болатынын мәлімдеген. Бұған дейін де ол Куба үкіметі "жақын арада құлайды" деп айтқан және Ираннан кейін Куба АҚШ үшін "уақыт мәселесі" екенін жеткізген.
Ал Куба президенті Мигель Диас-Канель наурыз айында алғаш рет АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігімен келіссөздер жүргізілгенін растады. Келіссөздерден кейін ол АҚШ Кубаға күн сайын дерлік билікті күшпен ауыстыру туралы қауіп төндіріп отырғанын мәлімдеді.
The Wall Street Journal басылымы АҚШ әкімшілігі 2026 жылдың соңына дейін Кубада билікті өзгертуге үміттенетінін жазды. Алайда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл мәліметті жоққа шығарып, оны жалған ақпарат деп атады.