Қуаңшылық. Аралға қаржы бөлінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Болат Өтемұратов қоры Арал ауданындағы құрғақшылықтан зардап шеккендерге 200 миллион теңгеден астам қаражат жібереді. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қаражат «Аралым - Айдын шалқарым» қоғамдық қорына аударылады. Оған Арал ауданының 800-ге жуық аз қамтылған отбасына 900 тонна құрама жем алынады.  Бұл жем-шөп 2021 жылдың қарашасынан 2022 жылдың мамырына дейін жетуі керек.

Мал басын сақтап қалу және жайылымдарды суландыру үшін аумақта жаңа су ұңғымалары қажет. Сонымен қатар арықтарды тазарту және суағар құрылыстарын жөндеу талап етіледі. Осы шаралар шеңберінде Аманөткел елді мекені аумағындағы Сырдария өзенінде «Аспай» сутірегі қалпына келтіріледі. Ол су деңгейін көтеруге және Қамыстыбас пен Ақшатау көл жүйелерін толтыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта ауыз су тапшылығы байқалып отырған Бел Аран ауылды аймағында да ұңғыма бұрғылайды - делінген қор хабарламасында.

Сонымен қатар, ауылдық тұтыну кооперативтерінің мал азығын жинауға трактор, шөп шабатын машина, соқа, пресс-жинағыштар сатып алынады.  

Алыс мал жайылымдарын сумен қамтамасыз ету үшін су тасушылар, жайылым мен шабындықтарды суару үшін дизельдік сорғылар алынады. 

Қаражаттың жұмсалуы мен жем-шөптің таратылуын қоғам өкілдерінен құрылған арнайы комиссия бақылайды. 

Айта кетейік, қазіргі уақытта Арал ауданда 500-ден астам мал басының өлімі тіркелген. Ауданда төтенше жағдай жарияланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы