Куәгер Жанабыловтардың ұтыс ойындарындағы жеңімпаздардың кім екенін айтты
Куәгердің сөзінше, блогерлер өткізген ұтыс ойындарының жеңімпаздары – қарапайым адамдар.
Блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сот процесінде олардың бұрынғы мобилографынан жауап алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Куәгердің айтуынша, блогерлер өткізген ұтыс ойындарының жеңімпаздары – қарапайым адамдар. Олар айыпталушылардың туыстары да, таныстары да емес.
Олар туыс емес. Бұл – жалған немесе алдын ала дайындалған адамдар емес. Нақты, шынайы адамдар. Бұл отбасыға еш қатысы жоқ. Туыстары да, жақындары да, достары да емес, – деді куәгер.
Сонымен қатар ол сотқа дейінгі тергеу барысында Астанадағы Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде екі рет жауап бергенін айтты. Куәгердің сөзінше, оған ешқандай қысым жасалмаған.
Әкімшілік істен қылмысқа дейін ұласқан "Жанабыловтар ісі" қоғамға қалай әсер еткені жайлы арнайы шолуымызды мына жерден оқи аласыздар.
Бұған дейін 13 наурызда Астанада танымал блогерлер Жанабыловтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы болғанын хабарладық.
Белгілі болғандай, Жанабыловтарды сотта басқа адвокат қорғайды.
Сот отырысында Жанабыловтарды үйқамақта ұстау шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Прокурор Жанабыловтар лотереяны рұқсатсыз ұйымдастырғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ, блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сотта тергеу басталды. Сот процесінде алғашқы куәгерден жауап алынды. Жүлде ұтысын өткізуге арналған сайтты әзірлеген ІТ-маман Сұңғат Өтеболатов жауап берді.
Сот отырысында лотореяны өткізу үшін “сәттілік барабанын” жасаған IT-маманнан жауап алынып жатқан сәтте адвокат пен прокурор сөзге келіп қалды.