КТК-дағы шектеулер: Қазақстан 300 мың тонна мұнайды балама бағыттарға жіберді

2025 жылғы желтоқсанда Каспий құбыр консорциумы (КТК) жүйесіндегі шектеулерге байланысты Қазақстан шамамен 300 мың тонна мұнайды өзге экспорттық бағыттарға қайта бағыттады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚазМұнайГаз компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың соңында қазақстандық мұнайды КТК арқылы қабылдауға қойылған шектеулерге байланысты шикізат "ҚазТрансОйл" АҚ жүйесі арқылы балама экспорттық бағыттарға жөнелтілген.

ҚазТрансОйл жүйесі арқылы шамамен 300 мың тонна мұнай экспорттық бағытта жеткізілді. Атап айтқанда, Германияға, Қытайға, Баку–Тбилиси–Джейхан бағытымен, сондай-ақ Новороссийск пен Усть-Луга порттары арқылы тасымалданды. 2026 жылдың қаңтар айында КТК тарапынан мұнай қабылдау шектеулері сақталуына байланысты мұнайды қайта бағыттау шаралары жалғасады. Қосымша тасымалдау бағыттары пысықталуда, – деп хабарлады компанияда.

Сонымен қатар, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық мұнайды Германияға жеткізу көлемі артқаны атап өтілді. Атап айтқанда, Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына 2,1 млн тонна мұнай жөнелтілген. 2026 жылы бұл көрсеткішті 2,5 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Ақтау портынан Баку–Тбилиси–Джейхан бағытымен тасымалданған мұнай көлемі 1,3 млн тоннаны құрады. Ал 2026 жылы аталған бағыттағы жеткізілім 1,6 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін.

Бұдан бөлек, Қазақстан мұнайын Қытай Халық Республикасына экспорттау тұрақты деңгейде сақталуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚХР-ға 1,1 млн тонна мұнай экспортталған.

Еске салсақ, бұған дейін Қара теңізде Ресей жағалауына жақын орналасқан Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы маңында мұнай танкерлеріне белгісіз ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасаған еді.

Дрон шабуылына ұшыраған танкерлердің бірі – Delta Harmony кемесі грек компаниясы Delta Tankers басқаруында болған және ол Tengizchevroil компаниясының қазақстандық мұнайын тиеуі тиіс еді. Ал тағы бір кеме – Matilda – Thenamaris компаниясына тиесілі және Қарашығанақ кен орнынан мұнай тасымалдауға дайындалғанын айта кетейік.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қара теңіздегі мұнай танкерлерімен байланысты оқиғалар жөнінде мәлімдеме жасады. Министрлік 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған үш танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған шабуылдарға байланысты айтарлықтай алаңдаушылық білдіретінін жеткізді.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым аталған жағдайға байланысты Шевронмен келіссөз жүргізуді ұсынды.

BAQ.KZ тілшісіне эксклюзив сұхбат берген Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағы президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов КҚК-ның тұрақсыз жұмысы ұзаққа созылса, оның салдары бюджеттен бастап, валюта нарығына дейін сезілетінін айтады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы