Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын аяқтады
Криштиану Роналду Португалия құрамасының оқу-жаттығу жиынынан кетті. Футболшының бұл шешімі ұлттық құрамадағы мансабының аяқталғанын білдіруі мүмкін.
Әлемге танымал футболшы Криштиану Роналду Португалия құрамасының оқу-жаттығу жиынынан кетіп, ұлттық құрамадан кету туралы шешім қабылдады. O JOGO басылымының мәліметінше, Уэльске қарсы Альваладе стадионында өткен матч футболшының Португалия құрамасындағы соңғы ойыны болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Криштиану Роналду Копенгагенде Португалия құрамасы орналасқан қонақүйден шығып кеткен. Басылым мәліметінше, футболшы ұлттық құрама сапына қайта оралмайды.
Роналду Португалия құрамасының Даниядағы оқу-жаттығу жиынынан кеткенін растап, әлеуметтік желіге жазба жариялады. Ол бұл шешімді ұлттық құраманың бас бапкері өткізген баспасөз мәслихатынан кейін Португалия футбол федерациясының президенті Педру Пройнсамен сөйлескен соң қабылдағанын айтты.
Ұлттық құраманың бас бапкерінің баспасөз мәслихатынан кейін және Португалия футбол федерациясының президентімен сөйлескен соң ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынынан кету туралы шешім қабылдадым, – деп жазды «Әл-Наср» клубының шабуылшысы өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Футболшы өзінің шешімінің себептерін кейінірек түсіндіретінін айтты.
Өз уақыты келгенде ұлттық құрамадан кетуіме себеп болған жағдайды, шындықты барлық португалдыққа айтамын. Мен ұлттық құрамаға әрдайым бар күшімді салдым. Қазір Португалияға және барлық командаласыма, ешкімді бөліп-жармай, сәттілік тілеу керек, – деді Роналду.
Криштиану Роналду – Португалия құрамасы сапында ең көп ойын өткізген және ең көп гол соққан футболшы. Егер O JOGO келтірген ақпарат расталса, оның ұлттық құрамадағы мансабы Уэльске қарсы кездесумен аяқталған болып есептеледі.