Krisha.kz арқылы пәтер "жалға беріп", ақша жинаған алаяқ әйел 3,5 жылға сотталды
Қарағанды облысында интернет-алаяқтық көбейіп, 3 айда 335 онлайн қылмыс тіркелді. Прокуратура тұрғындарды сақ болуға шақырды.
Қарағанды облысында интернет-алаяқтық деректері күрт артқан. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында өңірде 541 алаяқтық фактісі тіркелген, оның ішінде 335 жағдай интернет арқылы жасалған.
Мамандардың айтуынша, ең жиі кездесетін алаяқтық схемалары:
– онлайн сауда алаяқтығы;
– әлеуметтік желілер арқылы алдау;
– жалған банк операциялары;
– ұтыс пен инвестиция туралы жалған ұсыныстар.
Сонымен қатар, өңірде осындай қылмыстармен айналысқан күдіктілер ұсталған.
Мәселен, бір азаматша Krisha.kz сайтында пәтерді жалға беру туралы жалған хабарландырулар жариялап, клиенттерден алдын ала төлем алып отырған. Кейін ол ізін суытып үлгерген.
Сот үкімімен әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 4) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Прокуратура тұрғындарды сақ болуға шақырады. Атап айтқанда:
– бейтаныс адамдарға ақша аудармау;
– күмәнді сілтемелерге өтпеу;
– үшінші тұлғалардың өтінішімен қосымшалар орнатпау;
– күмәнді операциялар кезінде банкке жедел хабарласу;
– алаяқтық белгілері байқалса, дереу «102» нөміріне хабар беру қажет.
Еске салсақ, Жетісуда да жалған бизнес ұсынып, 100 млн теңгеге алдаған "кәсіпкер" әйел сотталған еді.
Тағы оқи отырыңыздар: Жалған купюрамен төлем жасаған: Қарағанды облысында алаяқ әйел ұсталды