Кредиттік бюролар ісі: 2 млрд теңгеден астам залал келтірілді
«Бірінші кредиттік бюроның» табыс үлесі 30%-дан 35%-ға дейін артып, орталықтың үлесі 70%-дан 65%-ға дейін төмендеген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәселе неде?
Тергеу материалдарына сәйкес, аталған іс лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және пара алу фактілері бойынша қозғалған.
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» жеке тұлғалардың табыстары туралы деректердің бірыңғай мемлекеттік операторы болып табылады. Бұл деректер кредиттік бюролар мен қаржы ұйымдары үшін қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалауда шешуші рөл атқарады және оның баламалы заңды көзі жоқ. Аталған мәліметтердің негізгі пайдаланушылары – «Мемлекеттік кредиттік бюро» және «Бірінші кредиттік бюро».
Заңсыз келісім және табыс үлесінің өзгеруі
Тергеу деректеріне сәйкес, 2020 жылы орталықтың бұрынғы президенті Д. Аргандыков «Бірінші кредиттік бюроның» бас директоры Р. Омаровпен заңсыз келісім жасаған.
Соның нәтижесінде: «Бірінші кредиттік бюроның» табыс үлесі 30%-дан 35%-ға дейін артып, орталықтың үлесі 70%-дан 65%-ға дейін төмендеген.
2025 жылдың басында орталық басшылығына А. Сарбасов тағайындалғаннан кейін де бұл тең емес шарттар өзгеріссіз сақталған.
Жасырын схема қалай жұмыс істеді?
Тергеу барысында «Бірінші кредиттік бюроға» артықшылық беретін жүйе анықталды.
Атап айтқанда: ақпарат алмасу арналарына сұраныстарды жедел өңдейтін арнайы сервис орнатылған. Ал «Мемлекеттік кредиттік бюро» пайдаланатын жүйеге сұраныстарды баяулататын зиянды бағдарламалық қамтамасыз ету енгізілген.
Осы әрекеттердің салдарынан мемлекетке, нақтырақ айтқанда «Еңбек ресурстарын дамыту орталығына» 2 млрд теңгеден астам залал келтірілген.
Пара беру дерегі анықталды
2025 жылғы маусым айында Д. Аргандыков пен Р. Омаровтың А. Сарбасовқа 75 мың АҚШ доллары көлемінде заңсыз сыйақы бергені анықталған.
Бұл қаражат заңсыз табыс табу схемасын сақтап қалу мақсатында ұсынылған.
Қазіргі таңда: күдіктілер ұсталып, сот санкциясымен олардың 1 млрд теңгеден астам мүлкіне (жылжымалы және жылжымайтын активтер, бағалы қағаздар) тыйым салынды.