Кредитті кешіру. Сенаторлар халықтың борышын азайту жолдарын талқылады

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің басшылығымен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Отырыс барысында өмірі қиын жағдайға тап болған және өзінің борышын өтеуге мүмкіндігі жоқ азаматтардың проблемаларын шешу бойынша өзекті мәселелер талқыланды.

 Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында қазақстандықтарға берілетін несие мәселесін шешу үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап «Жеке тұлғаларды оңалту және банкроттық туралы» заңды қолданысқа енгізу қажеттігін айтты. Бұл бастама біздің еліміз үшін аса маңызды. Жеке тұлғаның банкроттығы – азаматтың несие берушілер алдындағы қарыздарын толығымен өтеу немесе міндетті төлемдер жасауға заңды қабілетсіздігін анықтау мүмкіндігі, сондай-ақ көптеген адамдар үшін қаржылық қиындықтардан шығу, тұрғын үй, коммуналдық төлемдер бойынша берешекті және басқа да міндеттемелерді есептен шығару мүмкіндігі болып табылады, - деді сенатор Серікбай Трұмов.

Кездесуге Жоғарғы соттың, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Әділет министрліктерінің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ұлттық банктің және басқа да бірқатар ұйымдардың өкілдері де қатысты.

Сенаторлар отырыс қорытындысы бойынша көтерілген мәселелердің бәрі комитет депутаттары тарапынан заң шығару қызметі аясында назарға алынатынын атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы