Креативті индустрия және медиа басымдықтары талқыға түсті

Алматыдағы NEW MEDIA FORUM аясында креативті индустрияның маңыздылығы, медиа, кино, өнер саласындағы басымдылықтар сөз болды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Елімізде креативті индустрия саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру қарқынды жүзеге асырылып келе жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде креативті экономиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары бекітілген.

Креативті индустрия саласын дамытуға өзіміздің жеке кеңістігіміз болуы қажет. Мәселен, музыка саласын алып қарайық. Бізде авторлық құқық қандай деңгейде. Екіншіден, қазақтілді медиакеңістікті шығармайынша, біз дербес бола алмаймыз. Әлемдік нарыққа өзіміздің тілімізбен шықпасақ, өзіміздің кеңістігімізді қалыптастырмайынша, біз өзімізді таныта алмаймыз. Осы ретте Корей мемлекетін алып қарайық, өз тілінде әнін айтады, өз мәдениетін ұсынады, барлық әлемге өзін таныта алды. Барлық әлемді жаулап алғанан кейін, ағылышын тілін де қолдана бастады. Осылайша, әлемдік нарықта өзінің тілі арқылы өздерін таныта білді. Осы ретте, қазақ тіліндегі креативті экономиканы дамытар болсақ, барлық түркі мемлекеттеріне түсінікті болып, біздің аудиториямыз 20 млн-ға, 200 млн-ға дейін артатын еді. Біздің басты байлығымыз - адам, сондықтан еліміздің экономикасына пайда әкелетін де, ел қаражатын арттыратын да сол адам екендігін естен шығармағанымыз жөн, - дейді әнші, сценарист, продюсер, “Орда” тобының мүшесі Ерболат Беделхан.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, креативті индустрияның жалпы ішкі өнімдегі үлесі, әрине, әр елде әртүрлі. Мәселен, Австралияда бұл үлес 5,7%, Ұлыбританияда 5,5%, АҚШ пен Қытайда 4,2%, Италияда 3,8%, Германияда 3,1% құрайды.
2020 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда креативті индустрияның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 2,67% болды. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 5%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Біздің басты байлығымыз жердің астында емес, жердің үстіндегі адамдардың миының қойнауында. Медиа саласына мемлекеттік қолдау қажет. Медакеңістіктің қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз. Әсіресе, ақпараттық қауіпсіздік саласының маңыздылығын түсіндік. Осы ретте, көрермендер 5 жыл шетелдік контенттерге қызығушылық танытып көретін болса, қазір өзіміздің отандық туындыларды көреді. Бұл ретте кино, музыка, медиа саласында еңбек етіп жүрген жастардың еңбегін айта кетуге болады. Сонымен қатар, қазақ контенттерінің артып келе жатқанын байқаймыз. Ана тіліміз арқылы әлемді бағындыруға болатынын дәлелдеп келе жатқандар бар. Мәселен, біздің You Tube платформасындағы жобаларымыз қаза тілінде. Оны тамашалайтындардың да қатары жыл сайын артып келеді. Тіпті көршілес алыс-жақын шет елдерге танылып жүргенін де байқауға болады. Сол себептен мемлекет жаңа медиа саласына, кино, өнер бағытына жақсы көңіл бөлсе, елімізге де өз табысын түсіретінін байқауға болады, - дейді сценарист, жүргізуші, продюсер Марат Оралғазин.

Форум аясында белгілі сарапшылар дамудың өзекті мәселелерін талқылап, осы салаға қатысты көзқарастарын білдіріп, озық тәжірибелерімен бөлісті.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы