Ақтаулықтар крандарынан "сары су" ағатынына шағымдануда
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кешеден бері Ақтау қаласы тұрғындарының крандарынан таза судың орнына ішу тұрмақ, қол жууға жарамсыз тат басқан сары су ағып жатыр. "Каспий жылу, су арнасы" ЖШС мен "МАЭК-Казатопром" ЖШС бұл жағдайға қатысы жоқ екендерін мәлімдеді.
Inaktau.kz-тің деректеріне сүйенсек, осындай жағдайға Ақтау қаласында бірқатар шағын ауданының тұрғындары тап болды.
"Кеше техникалық мақсатта қолданылатын суды өшірген сияқты еді. Ал шын мәнінде ауызсумен проблема туындауда. Басқа қаладан қонақтар келіп еді. Біздің кранның суын көріп, билеттерін ауыстырып, кеткілері келіп отыр", - дейді қала тұрғындары.
"Каспий жылу, су арнасы" ЖШС баспасөз қызметі соңғы бірнеше күнде көлемді жөндеу жұмыстары жүргізілмегенін хабарлады.
"МАЭК-Казатопром" ЖШС берген ақпаратқа сәйкес, 23 шілде күні техникалық судың магистральді құбыр желісінде жөндеу жұмыстары жүргізілді.
"Біздің мекеменің мамандары 23 шілде күні тұрғындардың ауызсу түсінің өзгеруіне байланысты шағымдарын бірден назарға алды. Олар сумен қамтамасыз етудің №3 орталық торабында судың сапасын тексерді. Нәтижесінде, барлық көрсеткіш қалыпты мөлшерді көрсетті. "КЖСА" -мен бірлесіп, желілердің жұмыс режимі де тексерілді. Ол жерде де бәрі бірқалыпты. Қазір су сапасын тексеру бойынша күшейтілген бақылау жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындарға өз үйінің ПИК-теріне баруға кеңес береміз», - деді "МАЭК-Казатопром" ЖШС өкілдері.