ҚР Парламентінің жетінші шақырылымы. LIVE

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшілері – Бек Төлеуов, Гүлжан Раманқұлова.  

Бүгін, 15 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ҚР Парламентінің жетінші шақырылымының бірінші сессиясы өтіп жатыр. Бірлескен отырыстың қалай өтіп жатқанын сайтымыздың мәтіндік трансляциясынан оқи аласыздар.


ЖАҢАРТУ




16:33 - Нұрлан Нығматулин:

Құрметті депутаттар, күн тәртібіндегі мәселелерді қарап болдық. Мәжілістің бірінші жалпы отырысын жабық деп жариялаймын.


16:27 -  Президент:

Құрметті депутаттар, ең алдымен баршаңызға алғысымды білдіремін. Шын мәнінде бүгін қызық талқылау болды. Пікірталас өте ашық, анық, айқын болды. Сондықтан мен ризашылығымды білдіремін, - деді ол.

16:25 -  Асқар Мамин:

Ең алдымен маған көрсеткен сенімдеріңізге алғыс білдіремін. Бұл мен үшін зор мәртебе, үлкен жауапкершілік. Стратегиялық міндеттерді іске асыруда Үкімет үйлесімді, әрі нәтижелі жұмыс жасайтын болады, - деді ол.

16:24 - Депутаттардың басым көпшілігінің қолдауымен Асқар Мамин ҚР Премьер-министрі болып тағайындалды. 

Шешім қабылданды, қаулы қабылданды, - деді Нұрлан Нығматулин.

16:23 -  Асқар Маминнің Премьер-министр ретіндегі кандидатурасын 99 депутаттың 78-і қолдады. 21 депутат қалыс қалды.

16:20 - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысы лауазымына Асқар Мамин бекітілді.



16:19 - Қазақстан халық партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Үкіметке қатысты өзінің назын жеткізді.

Біздің халық өте төзімді. Өкінішке  қарай, Үкімет тиімді жұмыс істеген жоқ. Халықтың 50 пайызы табысын тек азық-түлікке жұмсап отыр. Біздің елдегі азық-түліктің бағасы Еуразия экономикалық одақтағы ең қымбаты болып отыр, - деді ол.

16:17 -  Депутат Айқын Қоңыров:

- Біздің партия халықпен кездесуі кезінде халық не себепті Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасын баяу орындайтыны туралы наразылық білдірді.

16:16 - ҚР Парламенті Мәжілісінің  жетінші шақырылымының алғашқы жалпы отырысының онлайн көрсетілімі қайта жалғасты.

16:08 - Техникалық ақауларға байланысты ҚР Парламенті Мәжілісінің  жетінші шақырылымының алғашқы жалпы отырысының онлайн көрсетілімі тоқтатылды.  

16:01 - Мемлекет басшысы:

Дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар сатып алуға, инфекциялық орталықтар салу үшін 225 млрд теңге жұмсалды




16:00  - Нұрлан Нығматулин отырыстың жұмысын бастады.

Құрметті депутаттар, жұмысымызды жалғастырамыз. Мәжілістің отырысына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр, - деді ол.

13:47- Нығматулин:

Құрметті депутаттар, біз бірқатар сұрақты қарап шықтық. Мәжіліс басшыларын, комитет төрағаларын және комитеттердің мүшелерін сайладық. Бірақ Мәжілістің бүгінгі жұмысы аяқталған жоқ. Тағы бір маңызды мәселе қарауымыз керек. Сондықтан жұмысымызды одан әрі жалғастыратын боламыз. Сағат 16.00-ге дейін үзіліс жарияладым. Рахмет! Кездескенше!, - деп отырыс жұмысына үзіліс жариялады.



13:47 -  Нұрлан Нығматулин жалпы отырыстың жұмысы үзілістен кейін сағат 16.00-ден бастап қайта жалғасатынын айтты.

13:46 -  Комитеттердің төрағаларын және мүшелерін сайлау аяқталды.

13:40 -  Жалпы отырыс барысында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшелерін сайлау үшін сөз депутат Альберт Рауға (тілші - Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы) берілді. Ол комитет мүшелерін сайлауды ұсынды. Олардың құрамында Самат Акишев, Жамбыл Ахметбеков, Ғазиза Құлахметова, Азат Перуашев, Дариға Назарбаева, Әмірхан Рахымжанов және тағы 7 депутат бар. Жалпы 14 депутат.

13:25 -  Жалпы отырыста депутаттар ҚР Парламенті Мәжілісінің тұрақты комитеттері мүшелерін сайлауға көшті.



13:24 - Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің төрағасы болып, Альберт Рау сайланды. Ол 1960 жылы 1 қыркүйекте Қостанай облысының Валерьяновка ауылында туған. Рудный индустриалды институтын, Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының докторы. Еңбек жолын 1981 жылы Рудный индустриалды институты кәсіподақ комитетінің төрағасы болып бастады. Қостанай облысы әкімінің орынбасары, Ақмола облысының әкімі, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі, бірінші вице-министрі болған. 

2017 жылғы 13 наурыздан бастап – алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.



13:23 - Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы болып, Александр Милютин сайланды. Ол Ресей Федерациясы Алтай өлкесі Углов ауданының Наумовка ауылында 1960 жылы туған. Семей құрылыс техникумын, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін бітірген. Бірнеше рет депутат болып сайланған.

13:19 - Бірақ Айгүл Құспан бүгін алғашқы отырысқа келе алмады.



13:19 - Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне төраға ретінде Айгүл Құспан сайланды. Ол 1964 жылы 24 шілдеде дүниеге келген. Бұған дейін Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстан Республикасының Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі, Еуропа Одағының жанындағы және Солтүстік Атлант Шарты ұйымындағы (НАТО) Қазақстан Республикасы Өкілдігінің басшысы қызметін қоса атқарған.



13:17 -  Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы ретінде Марат Құсайынов сайланды. Ол 1965 жылы 27 қаңтарда туған. 1988 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «Өнеркәсіпті жоспарлау» мамандығы бойынша, 1997 жылы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Ұлттық Жоғары мектебін «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша оқып бітірген. Бір кездері ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі болған.



13:15 - Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне төраға ретінде Қанат Мусин сайланды. Ол 1966 жылғы 27 ақпанда Целиноград (Астана) қаласында дүниеге келген. Е.А. Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген. Заңгер. Аға әдiлет кеңесшiсi, қаржы полициясының полковнигі. 2016 жылдың наурызынан бастап алтыншы сайланымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Осымен екінші рет төменгі палатаға сайланды.



13:13 - Мәжілістің тұрақты комитеттерінің төрағалары сайланып жатыр. Әлеуметтік-мәдени даму комитеті төрағасы ретінде Жәмилә Нұрманбетованың кандидатурасы қолдау тапты.

Ол 1964 жылы 22 ақпанда Алматы облысы Балқаш ауданында дүниеге келген. Бұған дейін 2016 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің ҮІ шақырылым депутаты болған. Осымен екінші рет сайланып отыр.



13:12 - Ерлан Барлыбаев Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы болды. Ол 1967 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. 2016 жылғы наурыздан –VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.



13:10 - Нығматулин:

- Бүгінгі жалпы отырысқа дейін Парламенттік көпшілік және Парламенттік оппозицияға кіретін саяси партиялар фракциялары басшылары тиісті консультациялардан өтті. Консультация барысында Мәжілістің бір емес, екі комитеті, яғни Аграрлық мәселелер және Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитеттерінің төрағалары Парламенттік оппозициядан ұсынылады. Қалған 5 тұрақты комитет төрағалары Парламенттік көпшіліктен, яғни Nur Otan партиясы фракциясынан сайланады.



13:03 - Мәжіліс төрағасының екінші орынбасары болып, Павел Казанцев сайланды. Ол 1960 жылдың 22 наурызында Томск қаласында туған. Ресейде 1982 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын «Автомобильдер және автошаруашылық» мамандығы бойынша үздік бітірген. 1986 жылы Ф.Э. Джерзинский атындағы КСРО МҚК жоғары мектебін бітірген. 2016 жылғы 24 наурыздан – алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясының тізімі бойынша сайланған.



13:01 - Балайым Кесебаева Мәжіліс төрағасының орынбасары болды. Ол 1966 жылы Шымкент облысы Киров ауданы Жамбыл колхозында туған. Талдықорған заң техникумын, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің бакалавриатын бітірген. 2016 жылғы 24 наурыздан – алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясының тізімі бойынша сайланған. Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен, «Ерен еңбегі үшін», «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медальдарымен және «Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Қазақ және орыс тілдерін меңгерген. Отбасылы, екі баланың анасы.

12:59 - Жалпы отырысқа қатысушылар ҚР Парламенті Мәжіліс төрағасы орынбасарларын сайлау туралы мәселеге көшті.



12:59 - Нығматулин:

- Ең біріншіден, мен үшін өте үлкен жауапкершілік. Сол үшін әрқашан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзіме жүктеген міндеттерін жоғары деңгейде орындауға тырысамын. Сіздердің және сайлаушылардың сенімін ақтау үшін бар білім мен тәжірибемді, күш-жігерімді салатын боламын, - деді ол.



12:56 - Нығматулин:

- Құрметті депутаттар! Құрметті әріптестер! Ең алдымен мені осы жоғары лауазымға, Мәжіліс төрағасына сайлағандарыңызға алғыс білдіремін, - деді ол.





12:55 - Депутаттар Нұрлан Нығматулинді төраға болуымен құттықтап жатыр.

12:54 - Нұрлан Нығматулин екінші рет Мәжіліс төрағасы болып сайланды. Ол бұған дейін 2016 жылғы 22 маусымнан бастап алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы болған. 2019 жылғы 22 тамызынан - Nur Otan партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», «Құрмет», II дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.



12:53 - Мәжіліс депутаты, санақ комиссиясының төрағасы Мұхтар Ерман жасырын дауыс берудің нәтижесін жариялады.

ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының сайлау бойынша депутаттарға 100 бюллетень берілді. Дауыс беруге арналған жәшікті ашқанда 100 бюллетень болды. Жарамсызы жоқ. Ешкім қарсылық білдірмеген. 100 депутаттың барлығы Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын қолдап, дауыс берген, - деді ол.

12:40 - Депутаттар жасырын дауыс беріп жатыр.



12:36 - «Қазмедиа орталығына» жиналған журналистер Мәжілістің жалпы отырысынан ақпарат таратуларын жалғастырып жатыр.

12:30 - Парламент Мәжілісінің спикерін сайлау бойынша жасырын дауыс беру Мәжіліс фойесінде өткізіледі. Жасырын дауыс беруге 20 минут уақыт берілді.

12:27 - 1. Санақ комиссиясы төрағасы болып Мәжіліс депутаты Ерман Мұхтар Тілдібекұлы сайланды. 2. Санақ комиссиясының хатшысы болып Нұркина Айгүл Қабдешқызы сайланды.



12:25 - «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев төменгі палатаға Нұрлан Нығматулин келгелі жағдай өзгергенін айтты. 

- Нұрлан Нығматулин Мәжіліс спикері болмай тұрған кезде біздің микрофондар жиі өшірілетін. Осы кісі келгелі жағдай өзгерді. Көзіміз ашылды. Сондықтан «Ақ жол» партиясы төрағалыққа Нұрлан Зайроллаұлының кандидатурасын қолдап отырмыз, - деді Перуашев.

12:22 - Депутат Арман Қожахметов ҚР Парламенті Мәжіліс төрағасын сайлау жөніндегі Санақ комиссиясының құрамына депутаттардың кандидатураларын ұсынды:

1. Әбдірахманов Сауытбек Әбдірахманұлы
2. Ахметбеков Жамбыл Әужанұлы
3. Ерман Мұхтар Тілдібекұлы
4. Еспаева Дания Мәдиқызы
5. Рахымжанов Әмірхан Мұратбекұлы
6. Нұркина Айгүл Қабдешқызы
7. Симонов Сергей Анатольевич



12:18 - Жасырын дауыс беруді өткізу және оның нәтижесін анықтау үшін Санақ комиссиясын сайлау ұсынылды. Комиссия құрамы 7 адамнан құрылсын деген ұсыныс бар.



12:16 - Нұрлан Нығматулинді Мәжіліс төрағасына сайлауға байланысты жасырын дауыс беру басталды.



12:14 - Nur Otan партиясының Мәжіліс фракциясынан Бақытбек Смағұл Мәжіліс төрағасына Нұрлан Нығматулинді ұсынды. Бұған дейін «Ақ жол» партиясынан Азат Перуашев пен ҚХП-дан Айқын Қоңыров, ҚХА Мәжілістегі фракциясынан Сауытбек Әбдірахманов Нығматулиннің кандидатурасына ұсыныс білдірген болатын.



12:10 - Мәжілістен 10 мандаттық алған Қазақстан халық партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров та төрағалыққа Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды. Ол Нұрлан Зайроллаұлының осы жылдардағы атқарған жұмысына оң баға берді.



12:07 - Азат Перуашев:

Біз «Ақ жол» партиясынан төрағалыққа өз кандидатурамызды ұсынғымыз келген еді. Алайда Парламентте көпшілік ұсынған кандидат белгілі болғаннан кейін осы кандидатты (тілші - Нұрлан Зайроллаұлын) қолдауды жөн көрдік.



11:54 - Депутат Сауытбек Әбдірахманов:

- Құрметті депутаттар, бір сағаттай бұрын Парламент палаталарының бірлескен отырысынан шықтық. Ол жерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ел алдында тұрған көкейтесті мәселелер жөнінде сөз сөйледі. Парламенттің міндеттері туралы да айтты. Президент «бүкіл халық Сіздерге қарап отыр» деді. Тағы бір тұста «Парламент - ел мүддесі үшін қызмет ететін қайнаған жұмыс ортасы» деді. Бүгінгі сөзде айтылған осы тапсырмаларды орындау баршамызға үлкен сын. Бұл жұмыстың қалай атқарылуы, қалай ұйымдастырылуы Мәжілістің басшылығына, оның ішінде Мәжіліс төрағасына байланысты.



11:50 - Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай Мәжіліс төрағасына Нұрлан Нығматулинді ұсынып жатыр. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нұрлан Нығматулинді Nur Otan партиясы Фракциясының жетекшісі ретінде ұсынған болатын.

11:49 - Ант беру рәсімі аяқталды.



11:44 - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Елбасының алдында өлең оқыған Мақпал Мыса (Тәжмағамбетова) Nur Otan партиясынан сайланды.



11:38 - Жаңадан сайланған депутаттардың қатарында саясаттанушы Айдос Сарым да бар. Ол 1975 жылы 10 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Алматы қаласындағы №12 мектепті бітіргеннен кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне түсіп, 1992 жылы тәмамдаған. Саясаттанушы, Алтынбек Сәрсенбаев қорының директоры.



11:38 - Жаңадан сайланған депутаттардың бірі Ерлан Сайыров та ант берді. Ол бұған дейін Еуразиялық интеграция институтының директоры қызметін атқарды. Ол 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

11.37 - Жаңадан сайланған депутаттардың анты:

- ҚР халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен Тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген міндеттерін адал атқаруға АНТ етемін!





11:25 - «Ақ жол» партиясынан алғаш рет ақын Қазыбек Иса депутат болып сайланды. Ол 1962 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы (бұрынғы Киров ауданы) Бірінші май ауылында дүниеге келген. 2012 жылдан «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы төрағасы орынбасары. Сонымен бірге «Қазақ үні» ЖШС президенті – Редакторлар кеңесінің төрағасы болды.



11:16 - Ақын-журналист, бұған дейін «Ана тілі» газетінің бас редакторы болған Жанарбек Әшімжан ант берді. Ол 1976 жылы Алматы облысы, Кеген ауданында дүниеге келген. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.



11:14 - Мәжілістегі ең жас депутат Мәди Ахметов ант беріп жатыр. Ол 1995 жылы 18 қыркүйекте дүниеге келген. Мамандығы журналист.





11:10 - Мәжілістің жетінші шақырылымының депутаттары ант беріп жатыр.

- Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін, - деп жатыр депутаттар.

11:09 - Имашев күн тәртібінде ұсынылатын мәселелерді атады.

1. ҚР Парламенті Мәжіліс депутаттарының ант беруі туралы.
2. ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасын сайлау туралы.
3. ҚР Парламенті Мәжіліс төрағасы орынбасарларын сайлау туралы.
4. ҚР Парламенті Мәжілісінің тұрақты комитеттері комитеттері саны мен атауы туралы.
5. ҚР Парламенті Мәжілісінің тұрақты комитеттері төрағаларын сайлау туралы.
6. ҚР Парламенті Мәжілісінің тұрақты комитеттері мүшелерін сайлау туралы.
7. Электрондық жүйені қолдануын бақылау жөніндегі уақытша комиссияны сайлау туралы.

11:02 - Мәжілістің жетінші шақырылымының алғашқы жалпы отырысына 107 депутаттың 100-і қатысып жатыр.

11:02 - Мәжілістің VII шақырылымдағы жалпы отырысы басталды.

10:45 - Президент өз баяндамасын аяқтады. Енді сағат 11:00-де Мәжілістің VII шақырылымдағы алғашқы жалпы отырысы өтеді.

10:44 - Президент құқықтық мемлекетті дамыту және азаматтардың билік органдарына сенімін нығайту үшін бар күш-жігерімізді жұмсау керектігін айтты.

- Бұл өте өзекті міндет. Соған орай мемлекеттік басқарудың жаңа моделін енгізу айрықша маңызды. Осы бағыттағы реформалар жүйелі, байыппен орталықсыздандыруды, мемлекеттік аппаратты жаңғыртуды, квазимемлекеттік секторды оңтайландыруды және барлық үдерісті цифрландыруды қамтиды, - деді ол.



Мұрағат

10:42 - Президент ел мүддесіне қатысты негізі мәселелер Парламент қабырғасында талқынып, шешу қажеттігін айтты.

- Менің негізгі ұстанымым – қоғамдағы барлық өзекті мәселе, ең алдымен, Парламентте талқылануға тиіс. Қоғам өкілдері мен сарапшылар заң жобаларын дайындау ісіне барынша атсалысуы керек, - деді ол.

10:39 - Сайлаушылар енді сайлау кезінде барлық үміткерге қарсылығын білдіре алады. Оны бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан барлық деңгейдегі сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн, - деді ол.

10:38 - Ерекше күтімге мұқтаж балалардың инклюзивті дамуы мәселесін назардан тыс қалдырмауымыз керек. Білім беру мекемелеріндегі тиісті қызметтердің тиімділігін арттыру үшін нормативтік база қалыптастыру кезек күттірмейтін міндеттің бірі.

10.35 - Президент депутаттарға:

- Сайлаушылардың сұранысын басшылыққа алып, тәуекелдің барлығын саралауға тиіссіздер. Парламент - ел мүддесі үшін аянбай жұмыс жасайтын жер. Сондықтан шешім қабылдау кезінде асқан жауапкершілік танытуымыз керек. Жоспарлар іске асуы үшін бір кісідей жұмыс істеуіміз тиіс. Өркендеген Қазақстанды бірге құрамыз. Кемел келешекке бірге қадам басамыз. Отанымыздың жарқын болашағы сіздерге тікелей байланысты.

10:34 - Парламенттің алдында екі міндет тұр. Ол сапалы заңдар қабылдау және өзекті мәселелердің шешімін табу.

10:32 - Болашақта партия мүшелерінің тізімін және соған қатысты басқа да рәсімдерді онлайн форматта жасауға болады. Осы мақсатта электрондық үкіметтің мүмкіндіктерін пайдаланған абзал.

10:31 - Бізде омбудсмен институты бар. Бірақ ол әзірге өзінің әлеуетін толық көрсете алмай отыр. Сондықтан жақын арада Омбудсмен туралы арнаулы заң қабылдауымыз керек.

10:31 - Өткен сайлау саяси бәсекені арттыруға оң ықпал етті. Мәжіліс пен мәслихаттарға білікті, абыройлы адамдар келді. Бұған партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота белгілеу арқылы қол жеткіздік.

10:30 - Біздің мақсатымыздың бірі - азаматтардың құқықтарын қорғау.

10:29 - Үкімет 2020 жылы жастарды қолдау жөнінде кешенді жоспар қабылдады.



Мұрағат

10:28 - Мемлекет басшысы:

- Парламентте заң шығарумен қатар бақылау функциясы да бар.

10:26 - Партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға шегереміз

10:24 - Тағы бір маңызды қадам - ауыл әкімдерін сайлау. Алдағы уақытта ауыл әкімдерін сайлаған соң аудан әкімдерін сайлауға көшуге болады.

10:24 - Мәслихат сайлауына пропорционалды сайлау жүйесін енгізу, партиялардың өңірдердегі филиалдарының белсенділіктерін арттыруға себеп болды.

10:23 - Мәжіліс пен мәслихатқа абыройлы адамдар келді.

10:23 - Қазақстандағы басты реформалардың бірі - саяси жаңғыру – Мемлекет басшысы.

10:22 - Жаңа стандарттарға сәйкес 3500-ден астам ауылды жаңғыртамыз. Айналасындағы елді мекендердің тірегі саналатын әрбір ауылға баратын жолдар мен республикалық маңызы бар күре жолдар 100 пайыз жөнделеді.

10:21 - 29 қаңтарда реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында мемлекеттік жоспарлаудың түбегейлі жаңа жүйесін, ел дамуының 2025 жылға дейінгі өзектендірілген Ұлттық жоспарын, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа тұжырымдамасын қабылдау жоспарланып отыр.

10:20 - Тоқаев:

- Үкімет пен Ұлттық Банк зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеуде. Оны іс жүзінде іске асыру сапалы заңнамалық қамтамасыз етуді талап ететіні анық.

10:19 - Президент:

- Тағы бір міндет – бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау.

10:18 - Бүгін, 15 қаңтарда 11:00-де Мәжілістің VII шақырылымдағы алғашқы жалпы отырысы өтеді.



Мұрағат

10:17 - Президент:

- Зейнетақы жүйесінің бір бөлігін пайдаланудың жүйесін енгіздік.

10:16 - Тоқаев:

- Жолдауымда айтқанымдай, ұлт саулығы үшін бұқаралық және балалар спортына көңіл бөлу керек. Спортты қаржыландыруды қайта қарау қажет.

10:15 - Тоқаев:

- Соңғы жылдары білім саласын реформалауда алға жылжыдық.

10:14 - Бүгінгі заманның балалары 2050 жылғы нарықты анықтайтын болады.

10.13 - Президент:

- Құқық қорғау органдары жұмысын барынша өзгерту керек.

10:13 - Сот қызметі ақпараттық қоғам үшін неғұрлым ашық болуы тиіс.

10:12 - Сот жүйесі жабық корпорация болмауы керек.

10:12 - Азаматтардың құқықтары лайықты қорғалмаса, әлеуметтік даму мүмкін емес.

10:11 - 2025 жылы тиімді институционалдық ел құра аламыз.

10:10 - Ұлттың жасампаздық әлеуетін пайдаланған кезде ғана табысқа жете аламыз.

10:09 - Президент:

Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық - халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматты тартамыз. Олардың әрқайсысы ел тағдарына әсер ететін шешімдерді қабылдауға өздері тікелей қатысатынын білгені жөн. Ортақ іске үлес қосып жатқанын сезінуі маңызды.

10.08 - Тоқаев:

Алдымызда сын-қатерлер мен сынақтар аз болмайды. 2021 жыл алдағы онжылдықтың басты бағдарын айқындайды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады.

10:07 - Депутаттар өздерінің заңға бастамашылық ету құқығын пайдаланып, 60-қа жуық заң жобасын дайындады.

10:06 - Қасым-Жомарт Тоқаев:

- Бес жылдың ішінде Мәжіліс депутаттары 410 заң жобасын қабылдады.

10:05 - ҚР Президенті Тоқаев жаңадан сайланған депутаттарды құттықтап, сәттілік тіледі.

10:04 - Бірлескен отырыс ҚР Мемлекеттік әнұранымен басталды.

10:03 - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің жетінші шақырылымының бірлескен отырысын ашық деп жариялады.

10:03 - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеуін бастады.

10:02 - Мәжілістің 107 депутатының 99-ы қатысып жатыр.

10:01 - Депутаттар тіркеуден өтіп жатыр.

10:01 - Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев депутаттарды тіркеуден өтуді сұрады.


Мұрағат

10:00 - 10:00 - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен отырыстың жұмысын бастады.

09:55 - Сонымен қатар сағат 11:00-де Мәжілістің VII шақырылымдағы алғашқы жалпы отырысы өтеді.

09:51 - Жетінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы Нұр-Сұлтан қаласында сағат 10:00-де басталады.



09:45 - ҚР Парламентінің жетінші шақырылымының бірлескен отырысынан ақпарат тарату үшін журналистер «Қазмедиа орталығына» жиналып жатыр.



ЖАҢАРТУ


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы