КҚК теңіз терминалындағы ғимарат бүлінді
2025 жылғы 24 қарашадан 25 қарашаға қараған түні Новороссийск маңындағы әскери нысанға жасалған ұшқышсыз ұшу аппаратының соққысы салдарынан КҚК-ның Новороссийск түбіндегі Теңіз терминалының әкімшілік корпусы бүлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оңтүстік Озерейка ауылында Каспий Құбыр Консорциумының негізгі басқару орталығы орналасқан, ол арқылы Теңіз–Новороссийск құбыр жүйесінің Ресей мен Қазақстан аумағындағы жұмысы бақыланады. Зардап шеккендер жоқ. Қала бойынша “Ұшқышсыз аппарат қаупі” дабылы берілгеннен кейін қызметкерлер дереу паналау орындарына эвакуацияланды. Алыстағы айлақ құрылғыларындағы жүк операциялары уақытша тоқтатылды.
Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьев бұл соңғы уақыттағы азаматтық нысандарға жасалған түнгі шабуылдардың ең ұзақ әрі жаппай жасалғандарының бірі екенін айтты.
Еске салсақ, 2025 жылғы 24 қыркүйекте Новороссийскідегі КҚК Теңіз терминалының қалалық кеңсесі ұшқышсыз ұшу аппаратының соққысына ұшыраған болатын.
2025 жылғы 17 ақпанда Каспий Құбыр Консорциумының ең ірі мұнай тасымалдау нысаны – “Кропоткин” мұнай айдау станциясына бірден жеті ұшқышсыз ұшу аппаратымен шабуыл жасалды. Шабуыл уақыт аралығымен жүзеге асырылған, оның мақсаты нысанның жұмысын бұзумен қатар, станцияның кезекші персоналы арасында адам шығынын келтіру болған. Қалпына келтіру жұмыстарының кешенінен кейін “Кропоткин” мұнай айдау станциясы 2025 жылғы мамырда қайта іске қосылды.