Бүгiн 2026, 11:15 Фото: BAQ.KZ / Олжас Адай

КҚК-ға балама бағыттар нәтиже беріп жатыр ма? 

Қазіргі геосаяси және нарықтағы тұрақсыздық жағдайында ел балама бағыттарды белсенді түрде пайдаланып отыр.

Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Сенат кулуарында Қазақстан мұнай экспортын әртараптандыру бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі геосаяси және нарықтағы тұрақсыздық жағдайында ел балама бағыттарды белсенді түрде пайдаланып отыр.

Біріншіден, диверсификация жүргізіп жатырмыз. Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры және Германияға жеткізілетін «Дружба» мұнай құбыры бар. Қазіргі уақытта осындай төтенше жағдайларда диверсификацияны іске асырып, басқа мұнай құбырлары арқылы жеткізілетін көлемді арттырдық. Бұл – факт. Шын мәнінде, біз зардап шектік деп айтуға болмайды. Әрине, тарифтері әртүрлі, дегенмен диверсификацияға әртүрлі опциялар бар. Соны қолданып жатырмыз, – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы өтетін мұнайдың экономикалық тиімділігіне қатысты сұраққа жауап берді.

Біз экономикалық тиімділікті қарастырамыз. Егер экономикалық тиімді болмаса, ондай экспорттық маршруттарға шықпайтын едік, – деп түйіндеді Санжар Жаркешов.

Еске сала кетейік, бұған дейін Үкіметтегі брифингте Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Қазақстан мұнайының Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы нысандарға жасалған шабуылдарға қарамастан мұнай экспорты тұрақты жүріп жатқанын мәлімдеген еді.