Қожамқұловтың 125 жылдығына орай көрме өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Ұлттық музейінде ҚазССР Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Серке (Серәлі) Қожамқұловтың 125-жылдығына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты көрме ашылды.




Серке Қожамқұлов әлем әдебиеті мен қазақ классиктерінің шығармаларын сахнадағы жарқын бейнелерімен көрерменнің жүрегінен орын ала білді.



Сыншылар Серкенің «кішкентай адамдардың» образдарын жасаудағы шеберлігін, оның күлкілі мазмұнын да, ішкі күйлерінің трагедиясын да жеткізу шеберлігін талай рет жазған еді.



Қандай да бір болмасын елдің мәдениетін театрына қарап тануға болады. Ұлттық театр өнерінің негізін қалап, оның дамуына бірден-бір үлес қосқан – Серке Қожамқұлов. Ұлы тұлғаның мәдени мұрасын өскелең ұрпаққа жеткізу, оны дәріптеу, насихаттау мақсатында осы көрме ұйымдастырылды. Бүгінгі көрме сіздердің дарынды талант иесінің басқа да қырларынан тануға септігін тигізеді деп ойлаймыз, - деді ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Назгүл Кадримбетова.



Қазақтың біртуар тұлғасына арналған көрменің ашылу салтанатына еліміздің мәдениет өкілдері қатысты.



Әкем туралы ел-жұртқа ұстаз, періштедей таза, өте әділ адам еді деп айтқан атақты жазушы Ғабит Мүсіреповтің сөзі бар. Әкеміз біз үшін алып бәйтеректей болды. 20 ақпанда Абай телеарнасының «Ұмытпаймыз» атты бағдарламасында отбасымыздағы 7 бала, 8 немере, 20 шөбереге Жезқазған театрын да қосып айтқан еді. Олар біз Қожамқұловпыз деп айтып жүреді. Ол мықты ұстаз еді. Жастардың құлақтарында жүрсін деген оймен өмір, тіл өнері, еңбек деп осы үш нәрсені айрықша бөліп айтушы еді, - деп Мәриям Серәліқызы әкесі жайлы естелік айтып, көрмені ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.



Іс-шара барысында Абай атындағы Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорының атқарушы директоры Аслан Ғафуров Теміржан Жанботаевты ұлттық рухниятқа сіңірген айрықша еңбегі үшін Абай мерейтойлық медалімен марапаттады.


Экспозициядан театр саңлағы С. Қожамқұлов сомдаған рөлдердің фотосуреттерін, қазір құнды жәдігерге айналған әртістің жеке бұйымдарын тамашалауға болады. 





Көрме екі апта уақытқа созылады.






Раушан АРМАНҚЫЗЫ
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы