Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына жерленген тағы 12 тұлға белгілі болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған ғылыми кеңесте тағы да он екі тұлғаның Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен маңына жерленгені туралы тарихи деректер мақұлданды. Бұл туралы музейдің баспасөз қызметі хабарлады.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжановтың сөзінше, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің жанынан құрылған кеңестің әр отырысында ғылыми тұжырымдамалар тарихшы, ғалымдардың жіті сараптауынан, зерттеу, талқылауынан өтіп барып бекітіледі. Діни-рухани тұлға Қожа Ахмет Ясауидің айналасында жатқан хан-сұлтан, батыр, билеріміздің ішінде анықталмағандары әлі де көп болуы мүмкін. Қазіргі таңда бұл бағытта зерттеу жұмыстары жан-жақты жүргізілуде.
Ал бүгінгі тізімге енген он екі тұлғаның тарихын анықтау бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде олар жайлы деректер мен мәліметтер толыққанды жинақталды. Елімізге белгілі ғалымдар тізімге енбей қалған басқа да тұлғалар жайлы мәліметтер ұсынуда. Алдағы уақытта бұл мәселе де түбегейлі қолға алынатын болады. Сонымен қатар, отырыс барысында күні бүгінге дейін кесенеде жерленген тұлғалардың игі жақсылар санатында тұрған Қоңыршұнақ Ердес Шүренұлы батырлар тізіміне ауыстырылды. Өз заманында беделді, атақты әрі би, әрі батыр, әрі датқа болған Ердес батыр Шүренұлы туралы жазба дерек аз болғанымен, ел арасына тараған ол кісінің палуандығы, батырлығы, датқалық қызметі жайлы аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі, - деді музей директоры.
Ғылыми кеңес мүшесі, тарихшы, ғалым Марат Тұяқбаевтың айтуынша, осы уақытқа дейін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның маңында жерленген тұлғалар тізіміне Жолбарыс хан (Са’д Әулие), Әбділлә хан, Бибі Хисаб, Қазыбек би, Шоң би, Абылай хан, Сүйініш хан, Қоқырас хан, Әулие хан, Шорнағат хан, Ілияс хан сынды тұлғалар енген. Алайда, неге екені белгісіз Марқаді Мүннавара Паклар, Фам ғашық зікірші, Шихаб ад-дин Сарвар, Шайх Наджим ад-дин, Баба Ғариб, Үндемес ата, Жеті Ата, Үшбас Ата, Сұлтан Ибраһим сынды тұлғалар енбей қалған.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорында зиярат әдебіне қатысты Садық Сапабекұлының (туған және қайтыс болған жылы белгісіз) қолжазбасы сақталған. Ол 1907 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, зиярат әдебін қалай жасау қажеттігі жөнінде жазып қалдырған. Онда зиярат ету кезінде құран оқып, дұға қылған жерлерді ізімен көрсеткен, - дейді ол.
Олар Жолбарыс хан (Са’д Әулие), мешітте екі бас намаз оқу, Бағдизан Ақ Топырақ әулие, «Фатиха», «Ыхылас», «әл-Курси», «Мүлк» сүрелерін оқу, Марқаді Мүннавара Паклар, Әбділлә хан, Бибі Хисаб, Қазақ халқының әзіздері - Қазыбек би, Шоң би т.б., Абылай хан Сүйініш хан, Қоқырас хан, Әулие хан, Шорнағат хан, Ілияс хан, Құдықтан су ішу, «Халим-аба» тағамы дайындалатын жер, «Халауат» мешітіне кіру, Фам ғашық зікірші, Шихаб ад-дин Сарвар, Али Қожа Ата, Шайх Наджим ад-дин, Баба Ғариб, Үндемес ата, Жеті Ата, Үшбас Ата, Сұлтан Ибраһим, Имам Марғүзи-Көк тонды Ата, Қошшы Ата (Құшата), Гауһар Ана, Арыстан бабқа зиярат етіп, түнеу қажеттігін жазып қалдырған.
Садық Сапабекұлы бұл орындардың бәрін Түркістанға зиярат етіп келген кезде көзімен көріп, марқұмдарға құран бағыштаған. Бұлардың ішінен Фам ғашық зікірші, Үшбас атадан басқасының жерленген жерлері анық болып отыр. Ал Жәмилә шын мәнінде Қожа Ахмет Ясауидің өкіл қызы болып табылады.Бұл жайлы Гауһар ана кесенесін зерттеген жұмыс есебінде де жазылған, - дейді тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Марат Тұяқбаев.
Ғылыми кеңес мүшелерінің айтуынша, Жәмила жайлы М.Е.Массонның «Мавзолей Х.А.Ясеви» атты еңбегінде «1896 жылы Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын жерде оның қызы Жамал ханымның мазары, ал кесенеден қашықтау жерде оның Гаухар-хуштадждың кесенесі бар»-деген деректер кездестіруге болады. Сондай-ақ, басқа қолжазбаларда да Ясауидің өкіл қызы Жәмила жайлы мәліметтер бар. Ясауитанушы, ғалым Д.Кенжетай да түркістандық Нажимов Оразбайдың үйінде сақталған «Насабнамада» Қожа Ахмет Ясауидің Жамал есімді қызы жазылғандығын растайды.
Ал бүгінге дейін тізімге енбей келген Шахабаддин Исфиджаби (Әзіреті Молла) жайлы деректерде оның Қожа Ахмет Ясауимен бірге Исфиджабтан келгені айтылады. Кейбір мәліметтерде оны Ясауидің ұстазы ретінде де көрсетеді.
Тізімге енгізілген тұлғаның бірі Қожа Әлидің құлпытасы Кіші Ақсарай бөлмесінде сақтаулы тұр. Құлпытастағы жазуды 1978-1980 жылдары текстолог Ә.Дербісәлиев аударған. Ол жерде «Тәшкенттік Мір Османбай мырза Кәрімбай 1916 жылы қайтыс болды», деген жазу сақталған.
Қазіргі таңда, кесенеде жерленген діни-рухани тұлғалардың саны – 51-ге жетсе, Темір, Шәйбан әулеттері мен Қазақ хандығы тұсында жерленген 17 тұлға, қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, 63 батыры, 5 әзіз анасы, 10 датқа мен болыс, 30 игі жақсының есімдері белгілі.