Көзге теріскен шығу ненің белгісі?

Бұл туралы терапевт-дәрігер Әйгерім Махмутова мен окулист Баян Шлекеевадан сұрадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

Теріскен неден шығады?

Теріскен көзге көбінесе иммунитет төмендегенде, күйзеліс кезінде, диета ұстағанда немесе қол гигиенасын сақтамағанда шығады. Сондай-ақ ЖРВИ кезінде де шығуы мүмкін. Яғни суық тигеннен кейін иммунитет әлсіреуі салдарынан, - деді терапевт-дәрігер Әйгерім Махмутова.

Окулист Баян Шлекеева иммунитеттің төмендеуі неліктен көзге теріскен шығуына әкелетінін түсіндірді.

Адамның ағзасында иммундық жетіспеушілік немесе ағзаның әлсіреуі болған жағдайда оның қорғану жүйесі әлсіреп, соған байланысты сырттан түсетін немесе ағзада аз мөлшерде болуы мүмкін бактериялар бас көтереді. Сондықтан теріскеннің шығуына ықпал ететін бірден-бір себепші фактор – имунитеттің төмендеуі, - деді ол.

Сондай-ақ маман эндокриндік жүйеде өзгерістер болғанда, мысалы, қант диабеті бар адамдарда және асқазан, ішек жолдарында бұзылулар бар науқастарда теріскеннің шығуы жиі болатынын жеткізді.

 

Теріскенді қалай емдейді?

Көзіне теріскен шыққан адам офтальмологқа жолдама алу үшін әдетте алдымен терапевке барады. Әйгерім Махмутова терапевт ретінде ондай науқастарды көз дәрігеріне жіберетінін айтты.

Көз дәрігеріне жолдама беруді жөн көремін. Себебі теріскенді емдемеген жағдайда ол іріңдеп кетуі мүмкін. Одан кейін іріңқалтаға айналады. Ол кезде терінің астына жиналған іріңді массаны хирургиялық жолмен шығарып, ота жасау керек болады. Ал отадан кейін тыртық қалуы мүмкін. Сондықтан адам көзіне теріскен шыққан жағдайда дереу офтальмологқа қаралғаны дұрыс, - деді ол.

Алайда теріскен шыққанда адамдардың көпшілігі дәрігерге бармай, оған жылы ағаш қасық басып, көзге түкіріп, қолын шығарып емдеуге тырысады. Осыған қатысты окулист Баян Шлекееваның пікірін білдік.

Теріскен шыққанда жасалатын халық емдерін қолдамаймын. Себебі ол медициналық жағынан дәлелденбеген. Дегенмен теріскен енді шығып келе жатқан кезде көзге жылы компресс жасауға болады. Жылы қасық басу деген – сол. Ол теріскеннің енді шығып келе жатқан кезінде тезірек жарылуына, ашылуына септігін тигізеді. Сондықтан құрғақ жылу, яғни жылы қасық басуға болады. Басқа халық емдеріне көзқарасым теріс. Оған қарағанда білікті көз дәрігеріне қаралып, ем алған тиімдірек, - деді окулист.

Бірақ терапевт Әйгерім Махмутова ыстық ағаш қасықты басу тек бастапқы кезеңде болмаса, іріңқалта түзілгенде керісінше кесір тигізетінін айтты.

Мысалы іріңқалтаның үстіне жылу бассақ, ол жарылып кетуі мүмкін. Салдарынан іріңнің көздің басқа тіндеріне кетіп қалу қаупі бар. Өйткені өзі қабынып тұрған жерді одан ары қабындырамыз, - деді дәрігер.

Окулист Баян Шлекеева кейбір кезде теріскен ешқандай емсіз де жазылатынын айтты.

Кейбір адамдарда теріскен 1-2 аптада өзі көрініп, ашылып, ішіндегі іріңі шығып, өзі емсіз де жазылуы мүмкін. Дегенмен көп жағдайларда теріскен қатты ісіп, ауырып, солқылдап адамның мазасын кетіреді. Сондай кезде көз дәрігерлері антибактериалды тамшылар немесе көзге жағатын антибактериалды жақпамайлар тағайындаймыз. Олар көздегі бактерияларды өлтіріп, қабыну процесін емдеп, көздегі теріскеннің тезірек жазылуына септігін тигізеді, - деді маман.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы