Елордада отбасылық құндылықтарды дәріптейтін коуч-сессия өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде жұмысбасты адамдар мансап қуып жүріп, ең асыл дүниелерді сезіне алмай жүргендерінен бейхабар. Қарапайым ғана бір-біріне жақсы көретінін де айта алмайтын күйге жетті. "Жақсы көремін" деген сөздің құдіреті шексіз. Ендеше көзге көрінбейтін бұл қаруды қалай пайдалану керек? Еліміздегі отбасылық құндылықтарды қалай дамытуға болады? Бұл сауалдарға ерлі-зайыпты Дулат пен Дина Әбілдиндердің ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткізген коуч-сессиясы жауап берді.
"DANALYQ" отбасылық құндылықтарды дамыту институты "Отбасы институтын дамыту: Қоғам, бизнес, мемлекет" тақырыбындағы алғашқы коуч-сессия өткізді. Бұл институттың негізін қалаған жандар - қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, белсенді өмірлік ұстанымы бар көпбалалы ата-ана Дулат және Дана Әбілдиндер.
Іс-шараға танымал журналист Санди Сұлтан төрағалық етті.
"Бұл жерде мемлекеттік қызметкерлер, бизнес-қауымдастықтың өкілдері, қоғамдық пікір лидерлері, психологтар мен коучтар және осы оқу ордасында білім алып жатқан болашақ магистрлер мен докторлар отыр. Бұл диалог алаңы Сіздерге арналған. Қоғамның алаңдаушылығын тудырған жастар арасындағы суицид, ажырасқан отбасылар және жасөспірімдердің мәселесін бірлесе отырып шешу үшін арнайы келгендеріңізге алғысымды білдіремін", - деп сөз бастады Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.
Нетворкинг барысында командалар 12 бірегей бағыт бойынша жұмыс тобын құрып, тың ойлары мен идеяларын ортаға салды. Әрбір топты кәсіби коучтар басқарды.
Әр команда - бір мектеп. Яғни жас ата-ана, үйлесімді қарым-қатынас, ерлі-зайыптылар диалогы, ажырасқан ата-аналар, балалардың талантын ашу, эмоциялық тұрғыдан даму, нәзіктік және биязылық мектептері проблемалардың шешу жолдарын ұсынды.
"Біздің мектепте осы 12 бағыт бойынша жұмыс істейтін арнайы мамандар бар. Олар отбасыға қатысты барлық түйткілді мәселелерді шешумен айналысады. Жанұяда үйлесімділік пен жылулық болу үшін не істеу қажет деген сұрақтарға жауап береміз. Қараша айында ресми түрде ашылып, тұсауымызды кесеміз. Күн сайын жантүршігерлік оқиғаларды көріп, естіп жүрміз. Неліктен ажырасып кеткен отбасылар, сүрбойдақ ерлер немесе тұрмысқа шықпаған қыздар көп деп ойландық. Сөйтіп, жұбайым екеуміз бірлесіп, отбасылық құндылықтарды дамытатын институт ашуды қолға алдық", - деді осы идеяны жүзеге асырып, негізін қалаған Дулат Әбілдин.
Сондай-ақ, Дана Әбілдина тілшілерге берген сұқбатында бір бала жанұяда бақытсыз болып, әкесі мен шешесінің жылуын сезінбей өссе, келесі бір жасөспірім тоқшылық пен молшылықта өмір сүріп жатқанына назар аударды.
"Бірде кездейсоқ бір әйелді кезіктірдім. Ол жеке кәсібінде де, жанұясында да біршама қиындықтарға тап болып, қиналып жүрген кезі еді. Оған бір ғана нәрсе жетіспеген екен. Сонда анық түсінгенім, күйбең тіршілікте тосқауылдарға төтеп беруде қолдау көрсетудің маңызы зор екеніне көз жеткіздім", - деді Дана ханым.
Айта кетейік, аталмыш жоба мемлекет, жеке тұлға және қоғамдық сектор біріксе, нәтижелі жұмыс жасайтындығын анық көрсетті.