Қостанайда 155 волонтёр билік уәде еткен өтемақыны ала алмай жүр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Олар қыс бойы қарттар мен мұқтаж жандар үйін қардан тазалап, басқа да шаруасына көмек берген, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы шеңберінде әрқайсысына 20 мыңнан 50 мың теңгеге дейін төленуі тиіс еді. Бірақ уәде етілген сома сегіз айдан бері әлі жоқ. Бұған Білім және ғылым министрлігінің өтемақы төлеудің тиянақты механизмін әзірлемеуі себеп болған. Студенттерді әлеуметтік және қоғамдық пайдалы қызметке кеңінен тартуға бағытталған жоба Қостанай облысындағы 19 колледжді қамтыған еді.
Аудандық Жастар ресурсы арқылы жұмысқа тартылдық. Қақаған аязда күні бойы далада жұмыс істедік. Оған дейін күзде қоқыс жинап, ағаш кестік. Бұның бәрі күнделікте бүге-шүгесіне дейін көрсетілген. Алайда жалақыны көрген жоқпыз. Жауабын күтумен болдық, - дейді Қазақстан агротехникалық колледжінің студенті Артем Фогель.
10 маусымда жаңа бұйрық шықты. Сол бұйрықтың шеңберінде қазіргі уақытта кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінің студенттеріне қаражат бөліне бастайды. 4,5 млн республикалық бюджеттен осы қаражат қарастырылған. Барлығы колледждердің шоттарына түседі. Кейін студенттерге қаражат бөлінеді, - дейді облыстық Білім беру басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Өтегенова.