Қостанай облысында жыл соңына дейін 500 бала тегін ем алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева мен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай облысының Рудный қаласында орналасқан «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығы мен инклюзияны қолдау кабинеттеріне барды.
Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев Қорының баспасөз қызметі хабарлады.Рудный қаласындағы орталықта Дариға Назарбаева қызметкерлердің жұмысымен танысып, оңалтуға мұқтаж балалардың ата-аналарымен тілдесті. Айта кетейік, орталықта кәсіби дайындықтан өткен және арнаулы білім алған мамандар (реабилитологтар, ЕДШ нұсқаушылары, логопедтер, дефектологтар, эрготерапевтер, психологтар) жұмыс істейді.
Соның арқасында орталықта нейро-ортопедиялық, оның ішінде церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға (1 жастан 18 жасқа дейін) жоғары білікті мамандар қызмет көрсетеді.
Орталық жетекшісі Сәлима Бекболатованың айтуынша, орталық ашылған сәттен бастап нейро-ортопедиялық аурумен ауыратын 340-тан астам бала тегін оңалтудан өтті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 балаға дейін өседі деп жоспарлануда.
Еңбегіміздің оң нәтижесіне қуаныштымыз. 46 бала емделуден кейін ақырындап жүруді, 40 бала сөйлеуді бастады, - дейді Сәлима Бекболатова.Ата-аналар да қуаныштарын жасырмайды. Соның бірі - Айнагүл Мұқанова.
Орталықта кәсіби мамандардың жұмыс істейтінін, мұнда жақсы жағдай жасалғанын білемін. Менің он бір жасар ұлым Шыңғыс өскенде рөлді өз қолыммен ұстап, көлік жүргізе аламын ба деп жиі сұрайды. Мен міндетті түрде деп жауап беремін және соған кәміл сенемін. Ол үшін бізге «Қамқорлық» оңалту орталығының тәжірибелі мамандары жәрдемдеседі. Балаларымыздың арманын орындауға септігін тигізетін орталық үшін Нұрсұлтан Назарбаев Қорына алғыс айтамын, - дейді ол.
Дариға Назарбаева жұмыс сапары аясында Рудный қаласындағы №17 орта мектепте орналасқан инклюзияны қолдау кабинетіне де ат басын бұрды. Кабинеттің міндеті - ерекше күтімді қажет ететін баланы құрдастарымен бірге сыныпта бірге оқыту, қатарынан қалмауға жәрдемдесу. 12 бала жыл бойы инклюзияны қолдау кабинеттері мамандарының бақылауында болады.
Жалпы 2021 жылдың соңына дейін тағы 8 өңірлік оңалту және 6 ерте араласу орталығын ашу жоспарға енген, соның арқасында жылына 8 000 балаға емдеу шаралары көрсетіледі.
Жаңа орталық инклюзия кабинеттері сияқты Елбасының «Қамқорлық» бастамасы аясында ашылған. Бұл Қазақстанда инклюзивті қоғамды дамытуға, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтуға бағытталған.
Қазір 8 өңірлік орталық, 16 инклюзияны қолдау кабинеті іске қосылған. Бұл орталықтар жылына 5 мыңға дейін баланы қабылдайды, ал инклюзияны қолдау кабинеттері 131 балаға көмек көрсетеді.
Дариға Назарбаева «Қостанай дарыны» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығындағы Qabilet кабинетіне барып, «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпаздарымен, «Елбасы Медалі» қола медаль иегерлерімен, тәлімгерлермен және бағдарламасының қатысушыларымен кездесті.
Айта кетейік, бұл жобалар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ел үміті» бастамасының бір бөлігі саналады.
«Qabilet қызметі» жобасы балалар мен талантты жастарды қолдауға, көмек көрсетуге бағытталған. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде 50 мыңға жуық оқушыны қабылдау жоспарлануда. Бұған әдіскерлер мен психологтар арнайы дайындалған. 9 маман Қостанайда оқытылды. Қабілетті анықтау qabilet.elbasyacademy.kz. платформасы арқылы жүргізіледі.
Қостанай облысы бойынша ауылдық жердегі 5-6 сыныптың 1834 оқушысы «Мың бала» олимпиадасына қатысты. 40 бала жүлделі орын иеленді. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде 9 жеңімпаз оқуын жалғастырып жатыр. Жалпы, екі жыл ішінде жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен ауылдық жерлердегі мектептердің 5-6 сыныптарының 445 мың оқушысы қатысып, 2 мыңы жеңімпаз атанды, 638 бала дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге қабылданды.
«Елбасы Медалі» жобасына екі жыл ішінде республика бойынша 20 мыңнан астам адам қатысты. Қатысушылар спорт, талант пен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, экспедиция мен жорықтар, еңбек тәжірибесі сынды 7 бағыт бойынша бағын сынады. 3920 қатысушы қола, 8 оқушы күміс медаль алды. 605 медаль иегері биыл ҚР жоғары оқу орындарына грант ұтып алды. Олардың 30%-дан астамы - ауыл мектептерінің түлектері.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында Қостанай облысы бойынша 329 қатысушы қола медаль иеленді. 2021 жылы мемлекеттік білім гранты 38 медалистке (44% ауылдық жерден шыққан) берілді.