Қостанай облысында этнотуризмді дамыту қолға алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай облысындағы Наурызым қорығына 90 жыл толды. Биылдан бастап мұнда этнотуризмді дамыту қолға алынды, деп хабарлады «Хабар 24». 

Алдағы уақытта қонақтар үшін этноауыл жұмысын бастайды. Осылайша, тұмса табиғатты тамашалауға келген туристер қазақ мәдениетімен кеңінен танысады. Алматы қаласының тұрғыны Рахим Савуров ел ішінде саяхаттауды әдетке айналдырған. Ол осы күнге дейін бірталай ғажайып орында болғанын айтады. Ал биыл Наурызым қорығын аралаудың сәті түскен. 

Шынын айтқанда, Алматыда қазірдің өзінде дамыған демалыс орындары жетерлік. Біздің жастар көбіне сол жерлерге барады. Бірақ жұрт неге екені белгісіз, еліміздің солтүстік облыстарына баруға аса құлықсыз. Мұндағы тұмса табиғаттың сұлулығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өткен ғасырдың бірінші жартысында құрылған қорық жұртты өзінің әсемдігімен таң қалдырады. Наурызымның басты қазынасы – көне қарағайлы орман, - деді саяхатшы Рахим Савуров.

Өткен ғасырдың бірінші жартысында құрылған қорық жұртты өзінің әсемдігімен таң қалдырады. Наурызымның басты қазынасы – көне қарағайлы орман

Осы ормандарды көргім келді. Сондықтан арнайы келдім. Керемет көрініс. Бізде Алматыда қарағай тек тауларда ғана бар. Оның өзінде мұнша көп емес, - дейді саяхатшы. 

Туристер көбіне орталық орманмен бұлаққа барады. Ал жақында «Ақ таулар» деп аталатын жаңа учаске ашылды. Бұл – 30 мың жыл бұрын Тұран теңізінің жағалауы болған сазды шөгінділер. Мұнда реликті қарағайлар мен арша өседі. Қазір қорықта қонақтарға арналған 6 экологиялық соқпақ бар. Мамандар күн сайын 12 адамнан тұратын топты қабылдайды. Биылғы маусымның тағы бір ерекшелігі – енді туристер атпен де серуендей алады. 

Ал енді біз биыл мінекей, аттарды үйреттік. Аттарымыз дайын. Әбзелдер сатып алдық. Велосипед бар. Жаяу жүрмеймін, аттан қорқамын десе, вилосипедті береміз. Ең қысқа маршрут қазір 10 шақырымдай, - деді Наурызым мемлекеттік табиғи қорығының директоры Дулат Қойлыбаев.

Туристер мұнда қазақ мәдениетімен де таныса алады. Ол үшін екі киіз үй құрып, алтыбақан орнатқан. Этноауылдың пайда болуымен қонақтар саны да едәуір артатынына қорық қызметкерлері сенімді.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы