Қостанай облысында ауыл мектептеріне автобус берілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ауыл-аймақтарда балаларды тасымалдауды жүзеге асыру үшін автобустар мен шағын автобустардың кілтін табыс етті, деп хабарлайды Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасау және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы сомасы 229 млн теңгеге 7 автобус пен 10 шағын автобус 15 білім беру бөлімінің басшыларына берілді. Облыс аумағында күн сайын мектептерге 2,5 мыңнан астам оқушы, оның 400-ден астамы апта сайын автобуспен жеткізіледі.
Өткен жылы жалпы сомасы 200 млн теңгеден астам 13 автобус сатып алынған болатын. Автопаркті бірден 17 автобуспен және шағын автобуспен толықтыру мектеп оқушыларын тасымалдауды неғұрлым ыңғайлы және қауіпсіз етуге мүмкіндік береді.
«Nur Otan» партиясының «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысында 2025 жылға дейін 407 ауыл мектебін жаңғырту жоспарланған, оның 82-сі биыл қолға алынбақ.
Сондай-ақ аймақ басшысы Қостанай автомобиль көлігі колледжінің 500 орындық жаңа жатақханасының ашылуына қатысты. Жатақхана құрылысына 1,3 млрд теңге бөлінген.
Жатақханада жайлы тұру үшін екі және үш орындық бөлмелер, әр қабатта жеке ас үй қарастырылған. Ғимарат ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер үшін толығымен бейімделген.
Автомобиль көлігі колледжі алғашқылардың бірі болып облыста дуалды оқыту жүйесін енгізді, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «АгромашХолдинг» АҚ, «Қостанай трактор зауыты» сияқты ірі зауыттармен ынтымақтастық жасайды, олардың базасында студенттер одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігімен кәсіби тәжірибеден өтеді.
Колледждердің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – студенттердің тұруы мен оқуының қауіпсіз және жайлы жағдайларын жасау болып табылады. Қазіргі уақытта облыстың 34 колледжінде 25 жатақхана жұмыс істейді.
Елбасының III әлеуметтік бастамасының арқасында өткен жылдың желтоқсан айында Қостанай жоғары медициналық колледжі жанынан құны 656,4 млн теңге болатын 250 орындық жатақхана пайдалануға берілді. Келесі жылы Қостанай жоғары политехникалық колледжі жанынан 500 орындық жатақхана салу жоспарлануда.