Қостанай облысында АӨК дамытуға 31,2 млрд теңге субсидия қаралған

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай облысының агроөнеркәсіп секторын дамытуға 31,2 миллиард теңге субсидия бөлінді. Оның 11 миллиардқа жуығы егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге беріледі. Субсидия алуға өтінім тек онлайн жіберілуі тиіс.

Мемлекет бөлген қаражат фермерлерге минералды тыңайтқыштар, гербицидтер және тұқым сатып алуға бөлінген. Биылға қаралған сома өткен жылғыдан 3 млрд теңге аз. Қостанай облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мамандары республикалық қазынадан қосымша қаржы түсетінін айтып отыр.

Жыл ішінде мақсатты трансферлерге байланысты АШМ қосымша қаражат бөледі. Біз 7,2 млрд теңгеге бюджеттік өтінім жібердік, ол наурыз айында қаралады, - деп хабарлады басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Исмаилов.

Қазір тұқым шаруашылығына өтінім қабылдау жүріп жатыр. Бұл салаға 1,7 млрд теңге қаралған. 1 ақпаннан бері диқандар 40 млн теңге субсидия алуға құжаттар тапсырған. Басқарманың мәліметіне сүйенсек, тыңайтқыш алу ережелерінде аса бір өзгеріс жоқ. Агробизнесмендер 3,2 млрд теңгеге үміт арта алады. Ережеге сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер алқаптарының электронды картасын бекітуі тиіс.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы