Косметолог бет терісі ерте қартаймауы үшін қалай күтіну керегін айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әр адам әдемі, таза теріні армандайтыны белгілі. Нәзік жанды арулар өздері қалаған нәтижеге жету үшін түрлі әдіс-тәсілдерге барады. Осы ретте бет терісіне қалай дұрыс күтім жасау керек? Бет ерте қартаймауы үшін не істеген дұрыс? Бұл туралы елордалық косметолог Бибігүл Балтабайқызы айтып береді.
Дәрігер қызметінен косметологқа дейін
Негізгі мамандығым – дәрігер. Емханада жұмыс істегенмін. Дәрігер ретінде 30 жылға жуық еңбек өтілім бар. Емханада біраз жыл жұмыс істегеннен кейін басқа салаға ауысуға шешім қабылдадым. Сөйтіп сұлулық саласында келіп, косметолог ретінде еңбек жолымды бастадым. Ал негізі жедел жәрдем фельдшері мамандығы бойынша жоғары білімім бар, - дейді маман өзі туралы.
Бибігүлге косметология саласы ұнайды. Айтуынша, қыздарды әдемі ету оның жүрегіне жылулық сыйлайды.
Косметология саласына ауысуға шешім қабылдағаннан кейін оны арнайы оқып, тиісті сертификат алдым. Негізі бет терісін тазалағаннан басқа, хиджама да жасаймын, қыздардың құлағын да тесемін, - деп айтты ол.
Бүгінгі күні маманның осы салаға келгеніне 7 жылдай уақыт болды.
Өз ісім өзіме ұнайды. Себебі шын ниетіңмен, жақсы көріп істеген ісің әрдайым берекелі болады. Оның үстіне сүйікті ісіңмен айналыссаң, жұмыс емес, демалыс сияқты көрінеді, - деп түсіндірді косметолог.
Бетті қалай күту керек?
Ол алдымен бетті қалай, қай уақыттан бастап күту керегіне тоқталды.
Бетті күтуді 20 жастан бастау керек. Өйткені терідегі маңызды гиалурон қышқылы 25 жастан кейін азая бастайды. Сондықтан бет күтімі де күшейе түсуі қажет. Яғни түрлі витаминдер ішіп, гиалурон қышқылының инъекциясын алып тұрған дұрыс. Одан бөлек, бетке массаж жасау керек. Сонымен қатар ұйқы да уақытымен болғаны бетке әсер етеді. Дәлірек айтқанда, бет – ол біздің айнамыз. Яғни ішкі құрылысымыз дұрыс жұмыс істемесе, бәрі беттен көрініп тұрады. Сол себепті бүкіл организмді бір қалыпта ұстап отыру керек. Ол үшін түрлі дәрумендер ішіп, таза ауада көп жүру қажет, спортпен де шұғылдану бет терісіне оң әсерін тигізеді. Мысалы, ағзаға оттегі дұрыс жетіп отырса, тері де ажарлана түседі. Жоғарыда атап өткенімдей, көп ұйқы бетке пайдалы, - дейді маман.
Косметологтың сөзінше, егер түнде 2-3 сағат қана ұйықтап тұрсаңыз, онда бетіңіздің шаршағаны анық көрініп тұрады. Бұл жағдайда адамның иммунитеті төмендеп, организмде стресс болады және ол беттің тез қартаюына себеп болуы мүмкін. Сондықтан күтініп жүру қажет.
Үй жағдайындағы тері күтімі
Маманның пікірінше, жазда түрлі жеміс-жидектер, көкөністер мен жеуге болатын шөптер көптеп өседі. Осы жаңа піскен көкөністерден, шөптерден бетке маска жасауға болады. Бет ол үнемі күтімді жақсы көреді. Яғни бетті жиі күтіп, үнемі маска жасап отырсаңыз, бетіңіз де соған қарай әрлене түседі.
Косметолог масканы адамның жас ерекшелігіне қарай жасау керегін айтады.
Жастарға негізінен нәрлендіретін маскалар жасаған жөн. Мысалы, қаймақ, крахмал, шөп (жасыл желек) және лимон қышқылын араластырып, бетті ағартатын маска жасауға болады. Ақжелкен (петрушка) мен жұмыртқадан да жасалған маска беттегі пигментацияны кетіреді. Сондай-ақ майда әжімдерді де кетіруге көмектеседі. Бірақ ол да теріге байланысты. Мысалы, егер теріде әжім мен пигменттер көп болса, онда пайдасы айтарлықтай көп болмайды. Десе де аз да болса нәрлендіреді, - деп айтты маман.
Темекі шегудің теріге зиянын да ерекше айта кеткен жөн. Сондай-ақ алкогольді сусындардың да кері әсерін бар. Өйткені алкоголь терідегі гиалурон қышқылын тез жойып жібереді.
Жалпы адам терісі 3 типке бөлінеді. Олар: майлы, құрғақ-майлы (аралас) және құрғақ.
Егер тері майлы болса, оған майлы кремдерді жағуға болмайды. Бұл жағдайда ласьон пайдаланған дұрыс. Өйткені майлы өнім бетті одан сайын майлы ете түседі. Ал құрғақ теріге керісінше майлы кремдер жағу керек. Егер адамның қалқанша безінде проблема болса, онда ол да теріге көп әсер етеді. Мысалы, қалқанша безінде проблема болса, тері құрғақ болады әрі пигментті дақтар пайда болады. Сондай-ақ өт пен бауырда да бұзылыстар болса, бет терісінде проблема пайда болады. Сол үшін ішкі құрылыстың, ішектердің жұмысын қадағалап отыру қажет, - деп толықтырды косметолог Бибігүл Балтабайқызы.
Бетке пайдалы витаминдер
Бетке пайдалы витаминдер: А, Е, D, С. Яғни бұл витаминдер лимон, ақжелкен, түрлі шөптердің құрамында бар. Жалпы денсаулық мықты болуы үшін көкөністерден жасалған тамақты көбірек тұтынған жөн, - деп есептейді ол.
Айтуынша, жасөспірімдердің беттеріндегі безеулері гормоналды. Өйткені жасөспірімдер есейіп келе жатқандықтан гормондары өзгереді. Сол үшін бет терісіне безеу шығады. Бірақ кейін оның барлығы қайта қалпына келеді. Безеулерге тиісіп, оны бүлдіріп алмау үшін теріге сай лосьондармен сүртіп отыру қажет.
Мен бетінің терісі әртүрлі адамдарды қабылдағанмын. Мысалы, қиын жағдай болса, пациенттеріме тіпті ине салып, витаминдер ішуге кеңес беремін, - деп атап өтті косметолог.
Маман маска тағу да бетке зиян екенін ескертті. Өйткені маска таққанда адам бетіне тиісті көлемде оттегі бармайды, осылайша ылғал жеткіліксіз болып, бет тырыса бастайды.
Тері мен су
Ұйқыдан оянғаннан кейін ең алдымен су ішу қажет. Судың бетке пайдасы өте көп. Жалпы бетке ғана емес, бүкіл ағзаға оң әсер етеді. Содан кейін суық және ыстық душ қабылдау қажет. Яғни жылы сумен жуынғаннан кейін салқын сумен шайынған дұрыс. Сондай-ақ массаж жасаған да өте пайдалы. Түннен жиналған ісінулер осы массаж арқылы кетеді. Нәтижесінде бет ажарлана түседі, - деді маман.
Ал жас ерекшелігіне қарай, мысалы, 30, 40 және 50 жастан асқан қыз-келіншектерге қаражатына қарай косметологқа барып, тиісті процедураларды алғаны жөн. Жас өсе келе бет те қартая түседі. Яғни бет терісі төменге қарай салбырай бастайды. Осының алдын алу үшін күтім қажет. Косметологқа баруға барлығының жағдайы бола бермейді. Сондықтан ең болмаса, үй жағдайында күтініп отыру маңызды – массаж, маска жасау.
Сондай-ақ жас өскен сайын мойында да Венера сақиналары пайда бола бастайды. Егер адамда жатыр мойны остеохондрозы болса, онда Венера сақинасы міндетті түрде шығады. Өйткені жатыр мойны остеохондрозы салдарынан мойын омыртқалары салбырай бастайды. Осыдан мойынның терісі де салбырап, жиырыла түседі. Егер жатыр мойны остеохондрозы болмаса, мойында мұндай гармошка пайда болмайды. Сол үшін оны да бақылауда ұстау керек. Дегенмен Венера сақиналары пайда болуына әсер ететін басқа да факторлар бар. Оны өз бетімен массаж, физикалық жаттығулар жасау арқылы кетіруге болады. Терінің өз қалпында болуы көп жағдайда омыртқаға байланысты. Егер омыртқа қисайса, ол теріге ғана емес, бүкіл организмге әсер етеді, - дейді косметолог.
Беттегі кеңейтілген тесіктерді кішірейту үшін инъекция жасайды.
Косметологтан кеңес
Соңғы кездері адамдар бет күтіміне көп мән бере бастады. Мысалы, 15 жыл бұрын мұндайды байқамайтынбыз. Қазір тіпті жастар 18 жастан бастап косметологқа барады. Бет терісін күтеді. Сондай-ақ бұрынғы апалар мен қазіргі апаларды салыстыратын болсақ, айтарлықтай айырмашылық бар. Заманауи әжелер өздерін күтіп, косметологтың көмегіне жиі жүгінеді. Түрлі процедуралардың арқасында жас көрінеді, - дейді Бибігүл Балтабайқызы.
Маманның айтуынша, бет терісі әдемі болуы үшін ішкі ағзаға көңіл аудару қажет.
Ең алдымен денсаулықты күту керек. Яғни бүкіл организмнің толық профилактикасын жасау қажет. Сондай-ақ бетті жиі нәрлендіріп отырған абзал. Өйткені тері құрғап, кеуіп кетсе, әжім тез пайда болады. Майлы теріге қарағанда құрғақ тері тез қартаяды. Суды тиісті көлемде ішу керек. Жалпы тек бет күтімімен ғана емес, кешенді күтім жасап, ішкі құрылыстың жұмысын дұрыс ұстап отырған дұрыс, - деп түсіндірді ол.