Көштаев: Жол сапасына ең алыдмен жеке техникалық қадағалаушылар жауапты

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында 460 жол құрылыс материалдарының сынамасы нормативтік құжаттардың талаптарына сай болмай шықты. Бұл туралы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қызылорда облыстық филиалының директоры Ерболат Көштаев мәлімдеді.

Филиал директорының айтуынша, аспаптық тексеру кезінде анықталған 190 ақаудың, 59-ы өрескел олқылықтар болып отыр.

Біздің тарапымыздан берілген ескертпе нәтижесінде 22 млн 700 мың теңгенің асфальт бетон жамылғысы ауыстырылып қайта салынды. Қазіргі уақытта талапқа сай келмеген жол құрылыс материалдарының 189 сынамасы қалпына келтірілді, - дейді Ерболат Көштаев.

Филиал қызметкерлері республикалық маңызы бар жолдардың сапасын тексеру кезінде 1 жол құрылыс материалының сынамасы талапқа сай еместігін анықтады. Оған қоса, аспаптық тексеру бойынша 130 ақау анықталып, ескертудің нәтижесінде 3 млн 600 мың теңгенің бетон жамылғысы ауыстырылды. Қазіргі таңда сапасыз салынған жол толық қалпына келтірілді.

Кемшіліктердің көбісі аудандарда және ауылдық округтерде салынып жатқан жолдарда анықталып отыр. Жолдардың сапалы салынуына ең бірінші кезекте жеке техникалық қадағалаушылар жауапты. Олар олқылықтарды дер кезінде анықтап, құрылыстың талапқа сай жүруіне ықпал етуі тиіс. Бірақ, техникалық қадағалаушылар көбіне өз міндетіне немқұрайлықпен қарап, мердігердің кемшілігін елемей жатады, - дейді филиал директоры.

Айта кетейік, жол құрылысында жауапсыздық танытқан 2 маманға жол активтерінің ұлттық сапа орталығы шағым келтіріп, құзырлы мекеме тарапынан шара көрілді. Яғни, екі техникалық қадағалаушы 6 айға дейін лицензиясынан айрылып, оларға заңға сәйкес айыппұл салынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы