Көшпенділер ойыны: Жамбы атудан кімдер жолдама алды

Астанада өтетін Көшпенділер ойынына қатысатын жамбы атудан ел намысын қорғайтын үздік төрттік анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ең үздік 10 жамбы ату шеберлері Көшпенділер ойындарына тікелей жолдама беретін 3 орынды сарапқа салып, іріктеу ойындарына қатысты. Олар «мажар», «азия», «түркі», «жамбы» стильдері бойынша бақ сынады. Жалпы есепті қорытындылай келе, 1-орынды Айтбек Сарыбай, 2-орын Абзал Тұлыбеков, ал соңғы жолдаманы Ералхан Айкөз жеңіп алды. Ал әлем чемпионы Батыр Бексауыт көшпенділер ойындарына тікелей жолдама алған болатын.

Түркістан облысының өзінде де мықты спортшылар бар. Осы уақытқа дейін 3 оқу-жаттығу жиыны өтті. Ұлттық құрама негізінен осы уақытқа дейін жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жігіттерден жиналды. Іріктеуден өту оңай болған жоқ. Себебі осал ешкім жоқ. Барымызды саламыз. Жамбы ату бойынша біраз ел жақсы дамыған. Басты қарсыластарымыз Моңғолия, Индонезия, Малайзия, БАӘ елдерін атап өтер едім, - дейді Жамбы атудан ұлттық құрама мүшесі Батыр Бексауыт.

Жамбы атудан жарысқа қатысатын 4 спортшы халықаралық, республикалық жарыстардың жүлдегерлері. Ералхан Айкөз - 1998 жылы 5 маусымда Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2021 жылы Тегерандағы XVI әлем чемпионатының жеңімпазы және күміс жүлдегері. Батыр Бексауыт - 2001 жылдың 8 тамызында Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2021 жылы Жастар арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын, Шымкентте өткен Азия чемпионатының алтын және қола жүлдегері, Қытайда өткен әлем чемпионатының алтын және қола жүлдегері. Айтбек Сарыбай – 1998 жылы 30 қаңтарда, Түркістан облысы, Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2019 ж. Оңтүстік Кореяда өткен XV әлем чемпионатының жеңімпазы және қола жүлдегері, Қытайда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Абзал Тұлыбеков – 1996 жылы 31 қазанда Алматы облысында дүниеге келген. 2018 жылы жамбы атудан әлем чемпионатының жеңімпазы.

Қазіргі уақытта спортшылар Алатау бөктерінде басталған оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Жаттығу 18 тамызға дейін жалғасады.

Айта кетейік, 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойыны 8-13 қыркүйек күндері Астана қаласында өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жамбы ату федерациясының баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы