Көшпенділер ойыны: Ұлттық спорт ұлықталатын күн
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 21 спорт түрінен жарыстар өткізіледі. Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жектен жарыстар, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар, халық ойындары бар. BAQ.KZ тілшісі бірнеше ойынның ержесіне шолу жасап көрді.
Асық ату ойыны
Бұл ойынды әрбір қазақ баласы білуі керек. Бұл сайыс та Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жарыс түріне енгізілді. Асық ату арнайы жабынмен жабылған тегіс алаңда өтеді. Шеңбердің ортасында асықтар тізіліп, оларды шеңберден шығару үшін ойын алаңының екі жағында белгіленген 6 метрлік белгіден сақаны лақтырады.
Шеңбердің ортасында ұзындығы 115 см болатын сызық сызылып, оған 15 асық орнатылады. Параллель 15 см қашықтықта екі жағынан қосымша сызықтар сызылады. 8 асықты бірінші болып шеңберден шығарған ойыншы кездесудің жеңімпазы атанады. Командалық ойында команда 3 қатысушыдан, 1 қосалқы ойыншыдан тұрады.
Бәйге
Бәйге – халық арасында кең тараған және ұлттық спорттың ішіндегі ең маңыздысы. Дүниежүзілік көшпенділер ойынында да бұл спорт түрі үшін аламан жарыс өтеді. Қазақ танымында бәйгенің көптеген түрлері бар. Атап айтқанда: аламан бәйге, үдемелі бәйге, айғыр, тай, құнан, жорға жарыс.
Құнан бәйге (11 шақырым). Шабандоздар 8 жастан жоғары болады. Жарысқа 2 жастан асқан барлық тұқымды жылқылар жіберіледі. Жарыстар Қазақстан Республикасы «Бәйге» федерациясының ережесіне сәйкес өткізіледі. Шетелдік команданың құрамы: 3 ат, 3 шабандоз, 3 бапкер, 1 жылқышы, 1 команда жетекшісі болса, ел құрамасында 6 ат, 6 шабандоз, 6 жаттықтырушы, 6 жылқышы.
Бәйгенің түріне қарай өзіндік ережелері бар.
Аламан бәйге (25 шақырым) бұл жерде де Шабандоздар 8 жастан жоғары болуы керек. Бәйгеге 3 жастан асқан барлық тұқымды жылқылар қатыстырылады. Көшпенділер ойыны барысынщда 1600 м қашықтыққа ұшқыр бәйге де ұйымдастыралады. Бәйгеге 2022 жылы туған айғырлар мен биелер жіберіледі. Шетелдік команданың құрамы: 2 ат, 2 шабандоз, 1 бапкер, 1 жылқышы, 1 команда жетекшісі, елімізден 6 ат, 6 шабандоз, 6 жаттықтырушы, 6 жылқышы қатысады.
Дәстүрлі садақ ату
Бұл спорт түрімен айналысатын адамдардың қатары көбейіп жатыр. Шыдамдылықты, дәлдікті, мерген болуды қажет ететін бұл спорттан Көшпенділер ойынында да бәсеке өтеді. Жарыстар ерлер арасында және әйелдер арасында өткізіледі. Дәстүрлі садақ ату жарыстары келесі қашықтықтарда ұйымдастырылған.
- 30 м – қазақ нысана жамбысы (әйелдер мен ерлер);
- 60м (әйелдер) 70м (ерлер) – түріктің пут нысанасы;
- қалқан нысанасы (50 м. әйелдер 60 м. ерлер);
- командалық жамбы – 30 м (команда құрамы 3 ер, 2 әйел).
Сондай-ақ жарыстарға қатысатын барлық спортшылар дәстүрлі киім кию міндеттелген. Халықаралық жарыстарда команданың бірыңғай дәстүрлі командалық киімі болуы керек. Команда құрамында 6 ер, 4 әйел, 2 бапкер, 1 төреші болуы керек. Додаға 18 жастағы және одан асқан спортшылар жіберіледі.
Тоғызқұмалақ
Ақыл-ойдың спорты саналатын тоғызқұмалақ ойыны 4 мың жыл бұрын пайда болған. «Тоғызқұмалақ» ойынының шарты бойынша бір-біріне қарама-қарсы орналасқан тақтада әрқайсысының 9 шұңқыршасы (яғни «отау» деп аталатын 18 шұңқырша) бар екі ойыншы қатысады. Әр шұңқыршаның өз атауы бар: 1 – арт, 2 – тектұрмас, 3 – ат өтпес, 4 – ат сұратар, 5 – бел, 6 – бел басар, 7– қанды қақпан, 8 – көк мойын, 9 – маңдай.
Бұдан басқа, тақтада «қазан» деп аталатын тағы екі жинақтау шұңқыршасы болады. Ойынның басында әр ойыншының өз түсті 81 шары болады, яғни 9 шұңқыршада 9 шар болады. Команда құрамында 2 ер, 2 әйел, 1 бапкер болады. Жарысқа 12 жастан асқан спортшылар жіберіледі. Жарыстар швейцариялық жүйе бойынша жеке және командалық есепте өткізіледі. Саны – 7 кезең. Қорытындылар ерлер мен әйелдер арасында бөлек жинақталады.