Көшпенділер ойыны: Құсбегілердің дайындығы қалай
Астанада 8-13 қыркүйек күндері 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Қазіргі уақытта спортшылар қызу дайындалып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Көшпенділер ойынына қатысатын құсбегілер қазір Ақмола облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.
Щучинск қаласында тамыздың 12-сі мен 25-сі аралығында өтетін оқу-жаттығу жиынымызда 9 спортшы бүркіт, қаршыға және ителгі құстарымен жаттығып жатыр. Келесі оқу-жаттығу жиынымыз Астана қаласында, 27-ші тамыз бен 7-ші қыркүйек аралығында болады,- дейді Құсбегілік федерациясының атқарушы директоры Базарбек Күнтуған.
Көшпенділер ойындары аясында құсбегіліктен (саятшылықтан) болатын сайыс қыркүйектің 12-13 аралығында, этноауыл аумағында өтеді. Жігіттер де жарысқа сақадай сай.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатырмыз. Бар білгенімізді, мүмкіншілігімізді пайдаланамыз. Еуропадан, Моңғолия, Қырғызстаннан мықты қарсыластар келеді. Олар да барын салары анық, - дейді құсбегіліктен ұлттық құрама мүшесі Ибрагим Базарбаев.
Ұлттық құрама мүшесі Серікбек Күнтуғанұлы додаға Алғыр атты бүркітпен қатысатынын айтты.
Щучинск қаласында Көшпенділер ойындарына дайындық үстіндеміз. Қазір алдағы сайыстағы үш санат бойынша қатысатын үш бүркіт, үш ителгі, үш қаршығаны баптап жатырмыз. Олар жаз бойы түлекте болды. Енді етін тартып, жылдамдыққа дайындаймыз. Ал өзім додаға Алғыр атты бүркітпен қатысамын, - дейді Серікбек Күнтуғанұлы.
Еске сала кетейік, Республикалық «Құсбегілік» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Көкпар», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар.
Айте кетейік, Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.