Көшпенділер ойыны: Құсбегілер мен жамбы атушылар сақадай сай

Елімізде Көшпенділер ойындарының басталуына санаулы күн қалды. Бәсекеге қатысатын әр спорт түрінен ұлттық құраманың спортшылары соңғы дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін БАҚ өкілдері үшін құсбегілік, жамбы атудан ұлттық құрама дайындық барысын көрсетті. Арнайы дайындалған этно ауылдың артқы аймағанда жамбы ату, құсбегілік, алыптар сайысы өтеді. Әуелі құсбегілердің оқу-жаттығу жиынын көріп, жарысқа қатысатын құсбегілермен, жаттықтырушылармен тілдестік.

Ұлттық құрамадағы 9 спортшымыз дайындалып жатыр. 3-еуі бүркіт, 3-еуі ителгі, 3-еуі қаршыға боцынша болады. Бұл жерде ҚР чемпионатында іріктеліп алынған спортшылар бақ сынайды. Халықаралық талаптарға сай белгіленген ереже бар. Бірінші қолға шақыру, екінші шырғаға салу. Ұлттық құрама сәуір айында Алматы қаласында дайындалды. Одан кейін Көкшенің Бурабай өңірінде жалғастырдық. Бұл жарыс түріне 10 мемлекет қатысуға ниет білдірген, -дейді құсбегіліктен аға-жаттықтырушы Күнтуған Арманбек.

Құсбегіліктен жақсы нәтиже көрсетіп, жүлделі орын алу ұлтық құрманың басты мақсаты. Бұл ойындарда бүркітпен Абай облысынан Ерзат Байқадамов, Астанадан Серікбек Күнтуған, атыраулық Арман Қошқаров, қаршығамен түркістандық Дәурен Аршабай мен Бағдат Кеуенов, астаналық Құдайберген Рауилұлы, ал ителгімен Ақмола облысынан Ерлан Кенжетаев, жамбылдық Бақдәулет Бабажан және түркістандық Ибрагим Базарбаев өнер көрсетеді.

Ауа-райының қолайсыздығына, яғни жаңбыр жауғанына қарамастан жамбы атудың жігіттері физикалық және тактикалық дайындық деңгейлерін күшейтіп жатыр. Жамбы ату ат үстінде шауып бара жатып, нысананы көздеу нағыз мергендердің сайысы болмақ. Бұл ұлттық спорт түрінен ұлттық құрама «мажар», «азия», «түркі», «жамбы» стилдері бойынша бақ сынайды.

Көшпенділер ойындарына қарқынды дайындалып келе жатырмыз. Бұның алдында Алматы облысында дайындық болған еді. Қатысатын 4 жігітіміз арнайы іріктеуден өтті. Құрама 100%-ға дайын деп айта аламыз. Намысты қолдан бермей жеңіске жетеді деп сенеміз. Бірақ қарсыластарымыз да осал емес. Еуропадан Франция, Венгрия құрамасы келе жатыр. Моңғолия, Индонезия спортшылары да мықты. Ауарайының қолайсыздығы аттарға әсер етуі мүмкін. Бірақ оған қарамай жарыс өтеді,-дейді Жамбы атудан бас жаттықтырушы Елдос Бадашев.

Айта кетейік, 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы