Көшпенділер ойыны: Көкпаршылар дайындыққа кірісті

Көкпардан ұлттық құрама спортшылары Көшпенділер ойындары өтетін алаңда алғашқы дайындықтарын өткізді,деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық құрама спортшылары елордадағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетін «Қазанат» ипподромында көкпар және көкбөрі спорттары бойынша дайындықтарын бастады.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көкпардан ұлттық құрама мүшелері сақадай сай. Біз Астанаға ертерек келіп, жылқылардың алаңға жылдам бейімделуіне жағдай жасап жатырмыз. Бүгін алаңмен таныстық. Сапасы өте жақсы. Әрине, дүбірлі дода өз жерімізде өтетін болғандықтан үлкен жауапкершілікті сезініп жатырмыз. Қолымыздан келгенін жасаймыз. Ең бастысы – көшпенділер ойындарында сәтті өнер көрсетіп, алтынға қол жеткізу,–дейді ұлттық құрама капитаны Құрманбек Тұрғанбек.

Көкпар мен көкбөрі спортынан сайыс қыркүйектің 9-ы мен 12-сі аралығында елордадағы «Қазанат» ипподромының аумағында өтеді. Әр спорт түрінен 12 қатысушы болады.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында дайындығымызды пысықтау үшін Астанаға келдік. Ойын алаңы көңілімізден шықты, жылқыларға да өте ыңғайлы. Дайындық жоғары деңгейде өтіп жатыр. Біз соңғы рет көкбөріні 2016 жылы ойнадық. Осыған дейінгі тәжірибемізді ескерсек, көкбөрі спортынан біздің жігіттер алтыннан үмітті, –ұлттық құрама мүшесі Ұлан Байтөреев.

Айта кетейік,Республикалық «Көкпар» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге «Бәйге», «Садақ ату», «Теңге ілу», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Құсбегілік», «Асық ату», «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялары бар.

Көшпенділер ойыны 8-13 қыркүйекте Астана қаласында өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық спорт қауымдастығы
Өзгелердің жаңалығы