Көшпенділер ойыны: Әлем спортшыларын тоғыстырған дода

Бүкіл әлем көз тіккен Көшпенділер ойыны аяқталды. 89 елден келген 2500-ге жуық спортшы бақ сынап, өзара мықтыны анықтады. Көшпендіелер ойыны несімен есте қалды? Шолу жасап көрген едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ашылу салтанаты

8 қыркүйек күні елрдадағы 30 адам сиятын «Астана Арена» стадионында ашылу салтанаты өтті. Дүбірлі доданың ашылу салтанатында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары ҚР Туын алып шықты. Бұдан кейін еліміздің Әнұраны шырқалды.Қалыптасқан дәстүр бойынша жарысқа қатысушы мемлекеттер спортшыларының шеруі өтті. Биылғы Көшпенділер ойындарына Азиядан, Еуропадан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан, Африкадан, сондай-ақ Аустралиядан спортшылар келді. Сондай-ақ доданың ашылу салтанатын отандық телеарналардан бөлек, әлемнің 19 телеарнасы көрсетті. Көшпенділер ойындары тарихында бұндай халықаралық деңгейде ауқымды телехабар тарату бірінші рет қолға алынды. 2 сағатқа созылған іс-шарада 3000 мың өнерпаз өнер көрсетті.

Тоғызқұмалақ тақтасы ғарышқа ұшырылды

Көшпенділер ойыны 6 нысанда өтті. Тоғызқұмалақтан ойындар 9 қыркүйек 09:09 да басталды. Қатысушылардың бірінші жүрісі 9 ойыншыдан тұратын 9 үстелдік тақтада, 9-шы ұядан басталып, есептеу жылдамдығымен сайысқа түсті. Бұл ойында ерекше айта кететін жайт тоғызқұмалақ тақтасының ғарыш кеңістігіне шығуы. Ресей ғарыш агенттігімен арадағы келісім негізінде ішінде тастары бар тақта алғаш рет Көшпенділер ойындары аясында стратосфера қабатына шығып, қайтадан жерге жеткізілді. Осылайша тоғызқұмалақ – ғарышта болған жалғыз үстел ойыны. Ұзақтығы 28 мың метрден жоғары жолды еңсерді.

Алғаш рет қосылған ойындар қандай?

Биылғы 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына жаңа спорт түрлері ретінде Powerful Nomad Алыптар сайысы (Powerful Nomad) және бірнеше дәстүрлі интеллектуалдық ойындар қосылды. Алыптар сайысында 1 елден 1 ғана спортшы қатыса алады. Салмақ категориясы 90 келіден жоғары болу керек. Жарыс 5 кезеңнен тұрды. Олар, 100 келі тасты көтеріп, оны 10 метрге жылжыту,100 келілік қаппен отырып тұру, 10 келілік найзаны оң немесе сол қолмен 10 метр қашықтықта тұрған нысанаға лақтыру,130 келілік бөренені иығына салып, отырып тұру, салмағы 200 кг арбаны 10 метрге сүйреу еді. Бұл спорт түрінен ел намысын Азамат Мақұлбеков қорғады. 16 спортшының ішінде көзге түскен Азамат 130 келі бөренені 38 рет көтеріп, өз рекордын жаңартты. Бұл сайысқа Испания, Үндістан, Қытай, Кувейт, Татарстан, Иран, Ресейден келген спортшылар бар. Жарыс жеңімпазы Азамат Мақұлбеков болды. 
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында жаңадан қосылған спорт түрлерінің бірі «Мангала» және «Овари» болды. Бұл дәстүрлі ойындар көшпенді халықтардың мәдени мұрасымен байланысты.

Мангала – түрлі мәдениеттерде кездесетін есепке негізделген ойын. Түрік халқының зияткерлік ойыны. Екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты бірдей шұңқырша болады, олар бірге 12 кішкентай шұңқырша құрайды, сонымен қатар, ойыншылардың тастарды жинайтын үлкен жинақтаушы сақтау шұңқыршалары болады. «Мангала» ойыны 48 таспен ойналады. Ойын жеребе тастаудан басталады. Ойыншылар барлық 48 тасты, төрт-төрттен 12 шұңқыршаның әрқайсысына таратып, жинақтау шұңқыршаларды бос қалдырады. Тақтаның өз жағындағы алты кішкентай шұңқырша ойыншының алаңы, ал қарама-қарсы алты шұңқырша сәйкесінше қарсыластың алаңы. Ойыншылар өз қоймасында мүмкіндігінше көп тас жинауға тырысады. Кім көп тас жинаса, сол ойыншы жеңіске жетеді.


Овари – африкандық ойын, стратегиялық ойлау мен есепке бағытталған. Оны екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты бірдей шұңқырша болады. Олар 12 кішкентай шұңқыршаларды құрайды. Сонымен қатар, ойыншыларда тастарды жинайтын үлкен жинақтаушы сақтау шұңқыршалар болады. Овари ойыны 48 шармен ойналады. Тақтаның өз жағындағы алты кішкентай шұңқырша ойыншының алаңы, ал қарама-қарсы алты шұңқырша сәйкесінше қарсыластың алаңы болады. Ойыншылар өз қоймасында мүмкіндігінше көп шар жинауға тырысады. Кім көп шар жинаса, сол ойыншы жеңіске жетеді.

Жанкүйерлердің делебесін қоздырған көкпар ойыны

Көшпенділер ойындарындағы ең қызықты және асыға күткен ойын көкпар болды. Финалдық ойын 12 қыркүйек күні Қазақстан мен Қырғызстан арасында өтті. Ойынды көруге жиналған халықтың қарасы көп болды. Көптен күткен көкпар басталды. Ойын есебін алғашқы болып Қазақстан құрамасы ашты. Бірақ қырғыз көкпаршылары одан кейін есепті 3:1-ге жеткізді. Бірінші кезең аяқталғанда, Қырғызстан құрамасы алда болды. Осы кезеңде ойын біраз уақытқа тоқтады. Себебі ойыншылар арасында түсініспеушілік болды. Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Ұлан Байтөреев қырғызстандық ойыншы Кубанычбек Султанұлын қамшымен бір тартты. Кейін себебі анықталып ойын жалғасты. Екінші кезең басталғанда, ұлттық құраманың көкпаршылары қатарынан 2 салым салып, есепті теңестірді. Кезеңнің аяқталуына 8 минут қалғанда есеп 4:3 болып, Қазақстан алға суырылып шықты. Алайда соңғы минутта қырғыз спортшылары есепті теңестіріп үлгерді. Екінші кезең тең ойынмен, яғни 4:4 есебімен аяқталды.
Жарыс жеңімпазы қосымша берілген 10 минутта шешілді. Команда капитаны Құрманбек Тұрғанбек салым салып, 5:4 есеппен қазақ көкпаршыларына жеңіс сыйлады. Осылайша алтын салым болды. Көкпарға 9 ел яғни Қазақстан, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай, Моңғолия мен Түркия командалары қатысты.

Шетелдік БАҚ-тың пікірі

Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында БАҚ-қа арналған аккредитацияға жалпы 70 елдің 1285 медиа өкілінен өтініш түскен. Оның ішінде 933 қазақстандық, 352 шетелдік журналистер Олардың арасында CNN, BBC, Euronews сынды әлемдік жетекші ақпарат құралдарының өкіл­д­ері болды.

«Euronews» телеарнасының сайтында мынандай мақала жарияланды: «Спорттық шараға қатысып жатқан елдердің географиясы сан алуан. Оған көшпенділер дәстүріне қатысы жоқ мемлекеттердің өкілдері де жиналған. Мысалы, Австралиядан бастап Канадаға дейінгі, Оңтүстік Африкадан бастап Ұлыбританияға дейінгі аралықта орналасқан елдердің спортшылары бақ сынауда. Бұл ойындардың ауқымы кеңейіп жатқанын көрсетеді», - делінген.

Ал Еуропаның «Modern Diplomacy» алаңы елімізде өтіп жатқан байрақты бәсекені достық пен бейбітшілік мерекесі деп сипаттайды. «89 елден келген 2 жарым мыңға жуық спортшы мен мыңдаған мейманның басын қосқан бұл шара - көшпелілер өркениетінің бай мәдени мұрасы мен бірегей спорт түрлері жане дәстүрлерінің мерекесі», - деп жазған.
Үндістанның «The Earth News» газеті 
мақаласын «Үндістанның дәстүрлі садақ ату тобы Қазақстанда өнер көрсетеді» деп атаған. Басылымның мәліметінше, бұл спорт түрі Үндістан үшін тарихи және мәдени мәнге ие. 
«Дүниежүзілік көшпенділер ойыны спорттағы жетістіктердің ғана емес, мәдени ынтымақтастық пен достықты дамытуға арналған алаң ретінде де қызмет етеді» делінген мақалада.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы