Нұр-Сұлтанда Қазақстандағы көші-қон процестері талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада "Қазақстандағы көші-қон: проблемалар, тенденциялар, перспективалар" атты республикалық дөңгелек үстел өтті.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оның барысында адам саудасының алдын алу және адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету, сонымен қатар ішкі, сыртқы, этникалық және заңсыз көші-қон мәселелері талқыланды.

Іс-шараға ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Халықаралық көші-қон ұйымының (бұдан әрі – ХКҰ) Орталық Азия бойынша үйлестірушісі, ХКҰ-ның Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы миссиясының басшысы Зейнал Гаджиев, мемлекеттік органдар ҮЕҰ өкілдері мен сарапшылар қатысты.

ҚР еңбекмині басшысы өз сөзінде, Қазақстанның көші-қон саясаты: мигранттардың құқықтарын сақтау және қорғау, кемсітушіліктің кез-келген түріне жол бермеу; мигранттардың да, ел азаматтарының да құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету; ұлттық заңдар мен халықаралық міндеттемелерді сақтау болып табылатындығын атап өтті.

Ішкі істер органдарының мәліметінше, ағымдағы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанға 5,6 млн адам кіріп, әлемнің 200 елінен 5,3 млн шетелдік азамат шығып кетті. Ішкі істер органдарында 1,2 млн, оның ішінде: ТМД елдерінен – 1,1 млн, алыс шетелдерден – 95 мың шетелдік тіркелген. 2 210 жұмыс берушіде 22 мыңға жуық шетел азаматы Шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы бойынша еңбектенуде, – деді Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ, ол 76,2 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 9 мыңы республикадан тыс жерлерге шығарылғандығын, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактілері бойынша 43 және елден шығарып жіберу туралы шешімдерді орындамағаны үшін 110 қылмыстық іс қозғалғандығын айтып өтті.

Өзбекстаннан (46%), Қытайдан (34%), Монғолиядан (7%) және Түрікменстаннан (7%) барлығы 13 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанына оралды.

Қазақстан транзиттік, межелі, ал кейінгі кезде көшіп-қонушылардың шығу елі болып табылатындықтан, бізді бақылаусыз жаһандық көші-қон мәселесі алаңдатып отыр. Реттелмейтін көші-қонның көлемі мен құрамын бағалау оңай емес, сондықтан халықаралық және өңірлік деңгейде деректерді жинау жүйесі мен бірыңғай тәсілдерді қалыптастыру бірінші кезектегі міндет болып табылады, – деп атап өтті ҚР еңбекмині басшысы.

Министр аралас көші-қон ағындарының нәтижесінде туындайтын көптеген мәселені шешу, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстан Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйыммен және БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасымен бірлесіп, 2011 жылы "Алматы процесі" атты өңірлік диалогты бастағанын еске салды. Оған Ауғанстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және Түрікменстан қосылады, бақылаушылар ретінде Иран пен Пәкістан қатысады.

Өткен жылдың желтоқсан айында Марракеште өткен "Босқындар мәртебесі туралы" Конвенция бойынша міндеттемелер аясында Қазақстан қауіпсіз тәртіптегі және тұрақты көші-қон жөніндегі жаһандық келісімге қосылды.

Сонымен қатар, ҚР еңбекминінің көші-қон заңнамасын жетілдіру мақсатында "Көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасы әзірленді. Ол қазір ҚР Парламентінің Мәжілісінде қаралып жатыр. Құжатта еңбек иммигранттарын тарту механизімін жетілдіру, әкімшілік жауапкершілікке тартылған мигранттардың мәселелерін шешу, сондай-ақ ұлттық заңнамаға халықаралық реадмиссия стандарттарын енгізу шаралары қарастырылған.

Қазақстан мигранттардың заңды құқықтарын құрметтеуге және жаһандық және аймақтық деңгейде өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі, сондай-ақ көші-қон ағындарын реттеуге өз үлесін қосуға ниетті, – деп түйіндеді Біржан Нұрымбетов.

Оның сөзінен кейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Халықаралық көші-қон ұйымы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Меморандум тараптардың көші-қон саласындағы ынтымақтастығын одан әрі кеңейту мен нығайтуды көздейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы