Көші-қон мәселесінің дұрыс шешілмеуі салдарынан елімізде ажырасқандар саны күрт өскен
Нұр-Cұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Динар Нөкетаева Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында көші-қон мәселесін шешу қажеттігін көтерді.
Сенатордың айтуынша, еліміздің заңнамасындада ішкі көші-қонға қатысты барлық мәселелер түгел реттеле қойған жоқ. Бұл процестің бақылауға алынбауы әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуға және мемлекеттің қауіпсіздігін нығайтуға кедергі келтіріп отыр.
Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның ақпаратына сәйкес, Қазақстандағы ішкі көші-қон жыл сайын 1 миллионнан астам адам қамтиды. Адамдардың Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына көшуі ішкі көші-қонның негізгі векторы болып қалып отыр. 1992 жылы ел халқының жалпы санындағы осы үш қаланың үлесі 11,1%-ды құраса, ал 2021 жылы 22,6%-ға дейін, яғни екі есеге өсті. Мұндай қарқын қазірдің өзінде ірі қалалар мен өңірлердің тым көп қоныстануына, ауыл халқының азаюы есебінен көші-қон процестерінің теңгерімсіздігіне, қоғамдағы әлеуметтік шиеленістің ұлғаюына, жұмыссыздықтың өсуіне, тұрғын үй мәселесінің нашарлауына, жалпы білім беру және медициналық мекемелердің жетіспеуі сынды проблемаларға әкеліп отыр, - деп атап өтті Динар Нөкетаева.
Сенатор ішкі көші-қон және халықты жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіру мәселелері мигранттардың құндылықтары, себеп-салдары, болмыс-бітімі мен мәдени ерекшеліктері тұрғысында жеткілікті зерттелмегенін атап өтті. Сондай-ақ көші-қонның жұмыс іздеп жүрген адамдарға теріс әсері олардың отбасыларының бұзылуына әкеп соқтырады. Сондықтан соңғы үш жылда ажырасулар саны артып, 45%-ға жеткен. Олардың негізгі себебі – жұмыссыздықпен және көші-қон процестерімен байланысты табыстардың болмауы. Сенатор саладағы қауіптер мен қатерлерді шешу үшін бірқатар ұсыныстар айтты.
Урбандалу процестеріне, еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес және прогрессивті әлемдік тәжірибені ескере отырып, өңірлік басымдықтармен өзара іс-қимыл жасай отырып, ішкі көші-қон саясатын қайта қарауды ұсынамын. Есепке алынбаған ішкі көші-қон мәселелерін ерекше бақылауға қою, сондай-ақ ауылдық аумақтарға баса назар аудара отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңғыртумен өзара байланыста ішкі көші-қон ағынын болжау мен реттеуді жетілдіру маңызды, - деді депутат.